Accessibility links

Астанада "Қазақстан темір жолмен" соттасқан кәсіпкер "алаяқтық" күдігіне ілініп, екі айға абақтыға қамалды


Сот ғимараты. Көрнекі сурет.
Сот ғимараты. Көрнекі сурет.

Астананың арнайы мамандандырылған тергеу соты “Ас -Ай” компаниясының басшысы, кәсіпкер Асқар Омарды екі айға қамауға санкция берді. Кәсіпкер сот санкциясымен 27 қарашаға дейін тергеу изоляторында болады.

Тергеу сотының судьясы Ақмарал Исаева Астана қаласының экономикалық тергеу департаментінің (ЭТД) аға тергеушісі Рустам Дүйсалиевтің өтінішін қолдап, Асқар Омарды қамау туралы өтінішін орындады. Кәсіпкер “аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады” (190-бап, 4-тармақ 2-бөлік) деген күдікке ілінген.

ЭТД мәліметі бойынша, Асқар Омар “Қазақстан темір жолына” еншілес “Жолаушылар тасымалы” акционерлік қоғамына 300 миллион теңге зиян келтірді деген күдікке іліккен. Асқар Омар “жымқырған қаржыға Астанадан қымбат пәтер мен мүлік сатып алған”. Жемқорлықпен күрес агенттігі бизнесменді “аса ірі көлемде салық төлеуден де жалтарды” деп санайды. Егер кәсіпкердің айыбы дәлелденсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бизнесмен бұған дейін күдікті жоққа шығарып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған.

Ақпаратқа қарағанда, кәсіпкер 2014 жылы тендер арқылы “Жолаушылар тасымалына” жаймалар жеткізу конкурсын ұтып алғанмен компания ол жеткізіп берген тауарды қабылдамаған. Ал бизнесмен акционерлік қоғамды бірнеше мәрте сотқа беріп жоғалтқан пайдасын өндіріп алған. Ол президенттен көмек сұрап, “Қазақстан темір жолы” мен “Самұрық- Қазына” басшылығында Асқар Мамин, Сауат Мыңбаев, Ахметжан Есімовтар тұрған кезде жапа шеккенін баяндаған.

56 жастағы бизнесмен Асқар Омар соңғы екі жылда “Ел тірегі” тіркелмеген партиясының митингтеріне белсенді қатысып, түрлі жиындарда өз пікірін ашық айтып танылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG