Accessibility links

ІІМ Марат Ахметжанов: Қазақстан шекарасынан өтіп жатқан Ресей азаматтары азайды


Қазақстанға кіру үшін Озинки шекара өткелінде кезек күтіп тұрған адамдар, Ресей.
Қазақстанға кіру үшін Озинки шекара өткелінде кезек күтіп тұрған адамдар, Ресей.

Бүгін үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген Қазақстан ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ресейден келіп жатқан адамдардың азайғанын айтты.

- Мысалы, бүгін Ресейден 7 мың 800 адам кіріп, 10 мың 500 адам Қазақстаннан шықты,- деді ол. Министр бұл мәліметті 4 қазан күні түске дейін сағат 11 шамасында айтты.

Министрдің сөзінше, Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін Қазақстанға ағылған Ресей азаматтары күніне бұрынғыдан екі-үш есе көбейіп, 30 мың адамға дейін жеткен.

- Қазақстан оқшау жатқан ел емес. Мысалы, коронавирус індетінің алдында Қазақстанға Ресейден жылына 3 миллионға жуық адам келетін,- деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, 21 қыркүйектен бері Қазақстанға Ресейден 200 мың адам келіп, 147 мың адам шығып кеткен.

Биыл 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа байланысты ішінара моблизация жариялаған соң Ресейден қашқан, әскерге жарамды азаматтар күрт көбейген.

Олар Ресеймен шекаралас елдерге, Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстанға кетуге талпынған. Қазақстан шекарасында үлкен кезек пайда болған. Қазақстанның Ресеймен шектес қалаларында Ресей азаматтарына жатын орын мен ас-су берілген.

Қазақстанның цифрлық даму министрлігінің бүгін, 4 қазандағы ақпаратына қарағанда 21 қыркүйектен бері Ресейдің 70 мыңнан астам азаматы Қазастаннан жеке сәйкестендір нөмірін (ЖСН) алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG