Басқарушы "Аманат" партиясының съезінде мәжіліс спикері, партия төрағасы Ерлан Қошанов саяси ұйым атынан президент сайлауына қатысуға кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Оның ұсынысын барлығы бір ауыздан қолдап, мақұлдады.
Қошанов Тоқаев "халықтың басына күн түскенде барлық жауапкершілікті мойнына алып, тәртіпсіздікке жол бермей, елді хаостан құтқарды" деді. Ол барлық қазақстандық "президенттің озық реформасы" маңында "бірігуі қажет" деді.
Қошановтан кейін партияның өзге мүшелері де кезек-кезек сөйлеп, Тоқаевты мақтады. Шыққандардың барлығы-дерлік "президентке сенетінін", "айналасында топтасу қажеттігін" атап өтті.
Бір күн бұрын Тоқаевтың өзі "ұйым емес", "қоғамдық-саяси коалиция күштері атынан" сайлауға түсетінін мәлімдеген.
Бұған дейін Qazaqstan Team қоғамдық жастар бірлестігі мен Қазақстанның азаматтық альянсы ұйымы да Тоқаевты алдағы сайлауға үміткер ретінде ұсынатынын мәлімдеген. Әзірге оның қай ұйым атынан түсетіні белгісіз.
Әділет министрі Қанат Мусин 6 қазанда журналистерге "бірнеше ұйым бір кандидатты ұсына алады, заңда оған қатысты шектеу жоқ" деді.
"Заң бойынша ең әуелі кандидат сайлауға қатысуға келісуі тиіс. Орталық сайлау комиссиясына тіркелген кезде қай ұйым атынан түсетінін таңдай алады. Бірнеше ұйым атынан түсу бойынша шектеу жоқ" деді Қанат Мусин.
Депутат Ерлан Саиров Тоқаевты ұсынып жатқан тағы ұйымдар болғандықтан олардың бәрін біріктіретін "Тоқаевты қолдау бойынша халықтық коалиция" құрылуы мүмкін екенін жеткізді.
Тоқаевтың өзі сайлауға қатысатынын қыркүйектің басында сайлау өтетінін жариялаған кезде-ақ айтқан. Сарапшылар сайлау арқылы Тоқаев өз билігін нығайтқысы келеді деп санайды.
Биыл наурызда "Нұр Отан" партиясының атауы Amanat болып өзгерген. Сол съезде партия төрағасы болып сайланған президент кейін "мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше болмауы тиіс" деп төрағалықтан кеткен.
ПІКІРЛЕР