Accessibility links

Алматыда полиция "Аманат" кеңсесі алдында "Демпартия" белсенділерін ұстап әкетті


Полиция демпартия белсенділерін "Аманат" кеңсесі алдында ұстап жатыр. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.
Полиция демпартия белсенділерін "Аманат" кеңсесі алдында ұстап жатыр. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.

Алматыда полиция "Аманат" партиясы кеңсесі алдына келген "Демпартияның" бірнеше мүшесін ұстап әкетті. Олардың арасында Аружан Дүйсебаева, Гүлнәр Мирманбетова да бар.

Белсенділер әуелі "Жібек жолы" метро станциясына жиналып, сол жерден Абылайхан көшесіндегі "Аманат" партиясының кеңсесіне шерулетіп жүрген. Астанада биліктің "Аманат" партиясының съезі өтіп жатқан кезде белсенділер жолда "Назарбаев жүйесіне қызмет еткен Аманат таратылсын!", "Назарбаевты түрмеге", "Жанболатқа бостандық!" деп айқайлады. Олар сонымен бірге ресми тіркеуден өте алмай жүрген партияны тіркеуді де талап етті. Белсенді Аружан Дүйсебаева [мемлекеттік кеңесші] Ерлан Қарин "елде оппозициялық күш жоқ дейді, ал бас көтерген оппозицияны қудалайды" деді. Олардың соңынан полиция қызметкерлерінің де ергені байқалды.

Белсенділер партияның Алматыдағы кеңсесіне келіп, плакаттарын жайды. Онда "Тоқаев, Жанболат Мамайды босат" деген жазу бар.

"Тоқаев, Жанболат Мамайды босат" деген жазуы бар баннер ұстап келе жатқан демпартия белсенділері. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.
"Тоқаев, Жанболат Мамайды босат" деген жазуы бар баннер ұстап келе жатқан демпартия белсенділері. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.

Сәлден соң әкімдік өкілдері келіп, оларға шараның "заңсыз" екенін айтып, тарауды талап етті. Бұдан соң азаматтық және полиция формасын киген 15 шақты адам "демпартия" белсенділерін жабылып ұстап, күшпен көлікке отырғызды. Аружан Дүйсебаева автозакта "демпартия" мүшесі Шәрбат есімді әйелдің "соққыға жығылғанын" айтты. Әзірге оларды қай бөлімшеге әкеткені белгісіз.

Полиция оқиғаға түсініктеме бермеді.

Бір күн бұрын Алматы соты тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамайдың қамау мерзімін тағы бір айға созған. Мамайға бірнеше бап бойынша айып тағылған. Арасында "жаппай тәртіпсіздік", "билік өкілін қорлау" баптары бар.

Жақтастары билік Мамайды "саяси белсенділігі үшін қудалап отыр" деп санайды. Билік саяси қудалау барын жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG