Accessibility links

Президенттіктен үміткер болып бірінші тіркелген Тоқаевтың құжаты "Аманат" төрағасына табысталды


"Аманат" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілген үміткер куәлігін алып жатыр. Астана, 12 қазан 2022 жыл.
"Аманат" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілген үміткер куәлігін алып жатыр. Астана, 12 қазан 2022 жыл.

12 қазанда Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттіктен үміткер ретінде тіркегенін мәлімдеді. Ол тіркеуден өткен алғашқы кандидат.

Сәрсенбі күні Тоқаевтың үміткер куәлігін "Аманат" партиясының төрағасы, мәжіліс спикері Ерлан Қошанов алды.

Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев "нақты ұйым емес", "қоғамдық-саяси коалиция атынан" сайлауға түсетінін мәлімдеген. Ертесінде парламенттегі үш саяси партия ("Аманат", "Ақ жол", "Қазақстан халық партиясы") мен елде аты сирек аталатын бірнеше үкіметтік емес ұйымынан құралған коалиция құрылып, Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынды.

Кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазанда аяқталды.

12 қазанда ОСК президенттікке үміткер 12 адамнан құжат қабылдағанын хабарлады. Бұлар:

  • Жигули Дайрабаев – "Ауыл" партиясы ұсынған;
  • Қасым-Жомарт Тоқаев – "халықтық коалиция" ұсынған;
  • Нұрлан Әуесбаев – ЖСДП ұсынған;
  • Мейрам Қажыкен – "Аманат" кәсіподақтар достастығы ұсынған;
  • Қарақат Әбден – Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы ұсынған;
  • Нұржан Әлтаев – "Мұқалмас" қоғамдық-бірлестігі ұсынған;
  • Талғат Ерғалиев - "Қазақстан құрылысшылар одағы" ұсынған;
  • Жұматай Әлиев - "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі ұсынған;
  • Хайролла Ғабжалилов – "Асар" оралмандар қоғамдық бірлестігі ұсынған;
  • Салтанат Тұрсынбекова – "Қазақ аналары – дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігі ұсынған;
  • Бақыт Жаңабаев – "Футбол жанкүйерлерінің қазақстандық лигасы" ұсынған;
  • Фатима Бизақова – "Практикалық психология" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған.

Елде кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Бұған дейін Тоқаев президенттік өкілетін бір реттік жеті жылмен шектеуді қарастыратын Конституцияға түзетулерге қол қойған.

Сайлау заңнамасы бойынша, Қазақстанда президенттікке үміткерді республикалық қоғамдық бірлестіктер, оның ішінде саяси партиялар ұсына алады. Заң бойынша, президенттікке үміткердің мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл тәжірибесі болуы керек. Сарапшылардың пікірінше, осы және өзге талаптар азаматтардың билікке араласу құқығын бұзады.

Тәуелсіз саясаттанушылар сайлау арқылы Тоқаев өз билігін нығайтқысы келеді деп санайды.

XS
SM
MD
LG