Орталық сайлау комиссиясы "Асар" оралмандар қоғамдық бірлестігі ұсынған Хайролла Ғабжалиловты, "Қазақстан құрылысшылар одағы" ұсынған Талғат Ерғалиевті және "Практикалық психология" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Фатима Бизақованы президенттікке үміткер ретінде тіркеуден бас тартты. ОСК-ның түсіндіруінше, олардың кандидатурасы "үміткерге қойылатын талаптарға сәйкес келмейді".
ОСК-ның хабарлауынша, Ғабжалиловтің мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ. Заң бойынша, президенттікке үміткердің мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл тәжірибесі болуы керек. Ғабжалиловті кандидат ретінде тіркемеу туралы шешімді ОСК мүшелері бірауыздан қолдады.
"Қазақстан құрылысшылар одағы" ұсынған Талғат Ерғалиев те дәл осы себеппен тіркеле алмады. ОСК өкілдерінің айтуынша, ол мемлекеттік қызметте 3 жыл 4 ай істеген. Ал бұл кандидат атану үшін жеткіліксіз. Бұған қоса, әділет министрлігінің мәліметінше, "Қазақстан құрылысшылар одағы" коммерциялық мақсатта құрылған заңды тұлға ретінде тіркелген ұйым, республикалық ұйым емес.
Фатима Бизақованың да "мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ" болып шықты, соған орай ол да кандидат ретінде тіркеле алмады.
Бір күн бұрын ОСК қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке үміткер ретінде тіркеген. ОСК сәрсенбі күні кешке "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінің кандидаты Нұржан Әлтаевты тіркеуді тоқтатқанын мәлімдеген. Бұған дейін ОСК "Мұқалмастың" бірқатар бөлімшелерінің жетекшілерінен арыз түскенін, олардың Әлтаевты ұсынуға келісім бермегенін, жоғарғы орган хаттамасының "бұрмаланғанын" жеткізген. Ал саясаткердің өзі биліктен тосқауыл барын, "Конституция құқықтары бұзылғанын" айтқан.
ПІКІРЛЕР