Алматыда Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға келуін сынап, видео жариялаған қала тұрғыны Рафик Жарылқасымов ұсталды.
Оның әйелі Вера Жарылқасымованың Азаттыққа айтуынша, күйеуін 13 қазанда сағат 12 жарым шамасында Ақсайдағы мата дүкендерін аралап жүрген кезде штаттық киім кигендер ұстап әкеткен.
- Жәй киім киген адамдар келіп, амандасып, алып кетті. Рафик маған хабарласып, Бостандық аудандық полициясына апара жатқанын айтты. Байланыс та өшіп қалды. Содан бері байланысқа шыққан жоқ, - деді Вера Жарылқасымова.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлеріне ұқсас адамдар ешқандай құжат көрсетпеген, ұстау себебін де түсіндірмеген.
Вера Жарылқасымованың ойынша, полиция күйеуін Ресей басшысы Владимир Путиннің Қазақстанға сапарын сынағаны үшін ұстап әкеткен.
Фейсбукта жарияланған видеода Украина мен Қазақстан туларының жанында тұрған өзін Қазақстан азаматы Рафик Жарылқасымов деп таныстырған ер адам 15 қазанда "Путиннің сапарына байланысты" наразылыққа шығуға шақырады. Оның айтуынша, мұндай митингілердің бірі Алматыдағы орталық алаңда өтуі тиіс. Ер адам осыған дейін қала әкімдігіне митинг өткізетіні жайлы ескерту бергенін, биліктің рұқсат бермегенін айтады.
Азаттық тілшісі Алматы қаласының полиция департаментінен жауап ала алмады. Бостандық аудандық полиция басқармасы өкілдері Рафик Жарылқасымов есімді азаматтың басқармаға жеткізілгенін растағанмен ұстау себебін айтпады.
- Ресей басшысы Владимир Путин бейсенбіге қараған түні Қазақстан астанасына ұшып келген. Алдағы екі күн ол Астанада болады, түрік әріптесі Режеп Ердоғанмен келіссөз жүргізеді, үш саммитке қатысады. Осыған дейін әлеуметтік желіде Ресей басшысының Қазақстанға келуіне наразылықтар күшейген. Құқық қорғаушылар, саясаттанушылар, қарапайым қолданушылар Путиннің Украинаға ашқан соғысын айыптап, оны елге келтірмеуді талап еткен.
- Бір күн бұрын Алматыда полиция Путиннің сапарына қарсылық білдірген белсенділерді ұстап босатты.