Accessibility links

Путин Тоқаевтың орыс тілін дамытатын халықаралық ұйым құру идеясын қолдады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Астана, 13 қазан 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Астана, 13 қазан 2022 жыл.

Ресей басшысы Владимир Путин Астанада өтіп жатқан ТМД елдері басшыларының кеңес отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМД жанынан орыс тілін дамытатын ұйым құру идеясын қуаттады. Бұл жөнінде жұма күні Информбюро сайты жазды.

Путин екі жыл бұрын 2023 жылды ТМД аумағында орыс тілі жылы деп жариялау туралы шешім қабылданғанын еске салып, "оны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған жаңа қызықты жобамен бастауымыздың символдық мәні бар" деді.

"Бұл ТМД жанынан орыс тілін дамытатын халықаралық ұйым құру. Біз, әрине, бұл бастаманы жүзеге асыруға барынша көмектесеміз. Бұл қандай да бір алдын ала дайындалған нәрсе емес, Қазақстан президентінің идеясы. Осыған назар аудартқым келеді. Ол маған бұл ұсынысын бұған дейін айтқан. Ресей оны қолдамай тұра алмайды" деді Путин.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қазанда Санкт-Петербургте ТМД елдері басшыларының бейресми саммитінде ТМД жанынан орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құруды ұсынған.

Алайда бұл ұсыныс жөнінде Ақорда хабарламаған. Ол жөнінде ақпарат Кремль сайтында жарияланды.

Кейінгі уақытта Ресейде Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар және орыс халқының жағдайы туралы әртүрлі деңгейдегі талқылаулар күшейген. Ресейлік саясаткерлер "Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып жатыр" деп бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Ресейлік саясаткерлер Қазақстандағы қазақ тілді белсенділердің әрекетін және тілге қатысты заңдарды жиі сынға да алған.

2021 жылы жазда ресейлік бірқатар басылымдар азаматтық белсенді Қуат Ахметовтың қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен видеосын "орыстарды жеккөрушілікке" теңеп, артынша Қазақстанда белсендінің үстінен "алауыздық тудыру" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейін Ахметовтің елден кеткені белгілі болды.

2021 жылы қыркүйектегі жолдауында президент Тоқаев "Ата заң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал орыс тіліне ресми мәртебе берілген. Біздің заңымыз бойынша, оны қолдануға бөгет жасауға болмайды" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG