15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған журналист Думан Мұхаммедкәрім изоляторда аштық жариялаған. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
Сөзінше, журналист ұсталған күні яғни, 12 қазанда сот алдында "құқығым бұзылатын болса, аштық жариялаймын" деп ескерткен.
– Сотта біріншіден, байланыс өте нашар болды. Сөздер естілмейді, видео өшіп қалып отырды. Соған қарамастан оны 15 тәулікке қамау туралы қаулы шығарды. Екіншіден, айып тағылған 488 баптың 7-ші бабында 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 15 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Алайда, бізде соттар прокурорлардың айтқанынан шықпай, ештеңе түсіндірместен ең көп жаза тағайындайтыны түсініксіз. Яғни, біздің сот "қолбала" сот болғаны, - дейді адвокат Ғалым Нұрпейісов.
Оның айтуынша, қазір Думан тек су ішіп отыр, тамақ ішуден бас тартқан.
– Кеше бірнеше белсенді Талғардағы уақытша қамау изоляторына барып, сәлемдеме бермек болған екен, қабылдамай кері қайтарып жіберіпті. Өзім келесі аптада кездесуге баруды жоспарлап отырмын, - дейді адвокат.
14 қазанда Азаттық журналист отырған қамау орнына хабарласқанмен жауап ала алмады.
"ND" Youtube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім өткен аптада кезектен тыс сайлауға қарсы екенін, өзі секілді қарсылар жиналып, "мұны билікке жеткізейік, сол үшін Алматыдағы орталық алаңға жиналайық" деген үндеу жариялаған. Осы үндеуін 12 қазанда сот заңсыз деп танып, "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 15 тәулікке қамаған.
"ND" арнасы Қаңтар оқиғасы кезінде халыққа ақпарат таратып, дүрбелеңге қатысты азаматтардың соты мен белсенділерді жиынына күн сайын материал беріп келеді. Арнаға 130 мыңға жуық адам жазылған.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашаға белгіленген. Бұған дейін кейбір белсенділер мен саясаткерлер "сайлау туралы заң азаматтардың конституциялық құқықтарын шектейтінін" алға тартып, сайлауға қарсы шыққан.
Видео: Журналист Думан Мұхаммедкәрім 15 күнге қамалды (12 қазан 2022 жыл).
ПІКІРЛЕР