Accessibility links

Алматыда "бейбіт жиын тәртібін бұзғаны үшін" тағы екі адам қамалды


Әкімшілік қамауға алынғандарды қабылдайтын орын. Көрнекі сурет.
Әкімшілік қамауға алынғандарды қабылдайтын орын. Көрнекі сурет.

Алматыда Путиннің сапарына қарсылық білдіруге үндеп, қамалған белсендіні қолдаған тағы екі адам қамалды. Бірі Алматы тұрғыны Дінмұхамед Қаматай – 14 қазанда кешке, екіншісі қала тұрғыны Амантай Жұмаділов 15 қазанда таңертең қамалды. Сот екеуін де "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп таныған. Екеуі де тағылған айыптармен келіспеген.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, Қаматай биыл Алматының орталық алаңында, қаңтар оқиғасына 40 күн болғанда өткен азалы жиынға қатысқаны үшін айыпталған.

– Дінмұхамедтің сөзінше, Қаңтар оқиғасына 40 күн толғанда, алаңға барып, құран бағыштамақ болған. Прокуратура өкілдері келіп, мұның заңсыз митиинг екенін ескерткен соң кетіп қалған. Бірақ суретке түсіп қалған. Суретке түсіп қалғаны үшін қамап тастау – бассыздық. Мен сотта Конституцияның 35-бабында азаматтар дәстүр мен ғұрыпты сақтауға құқылы екенін айттым. Қырқын өткізу – халқымызды ғұрпы. Егер қырқына жиналуды митингке жиналу деп, қамайтын болса, барлық астарды аралап, қатысушыларды қамауға болады, - дейді адвокат.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтың сөзінше, Қаматай 14 қазанда күндіз бір топ белсендімен әкімшілік қамауға алынғандар отыратын изоляторға барған жерінде ұсталған. Олар бір күні бұрын, 13 қазанда ұсталып, 15 тәулікке қамалған Рафик Жарылқасымовқа сәлемдеме алып барған. Бостандық аудандық полициясына жеткізілген Қаматайға сол жерде сот өтіп, бірден қамауға алынған.

Рафик Жарылқасымов Қазақстанға Ресей президенті Владимир Путиннің келуіне қарсы болып, 15 қазанда өзін қолдаушыларды алаңға жиналуға шақырған. Оның бұл шақыруын «заңсыз митингке шақыру» деп бағалаған сот, 13 қазанда оны 15 тәулікке қамаған. Сол күні Жарылқасымовты бірнеше адам қолдауға Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне барған, оның ішінде Дінмұхамед Қаматай да болған.

– Біз, өзіміздің қазақты батырлары, Думан Мұхаммедкәрім, Қосай Маханбаев, Рафик Жарылқасымов және басқа да елім-жерім деп жүрген азаматтар үшін алаңға, оларды қолдау үшін барамыз, – дейді видеомәлімдеме олар.

Адвокаттың сөзінше, Қаматайды 8 ай бұрынғы шара үшін жауапқа тартуға дәл осы видеомәлімдеме себеп болған болуы мүмкін.

14 қазанде полиция алдындағы Жарылқасымовты қолдау видеосында болған тағы бір алматылық Амантай Жұмаділовке де жұма күні полиция үйіне келген.

– Мен күні бойы жұмыста болдым. Үйіме он шақты адам келіп, мені іздепті. Не үшін келгенін, кім екенін айтпаған. Мен Рафикті танимын, қолдаймын, видео үндеу жасағаным да рас. Бірақ бұл қылмыс емес, - деді Жұмаділов Азаттыққа.

Сенбі, 15 қазанда таңертең Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты оны 15 тәулікке қамады.

Қазақстанда Ресей президенті Владимир Путиннің елге келуіне қарсылық соңғы бір аптада күшейді. Желіде құқық қорғаушылар, саясаткер мен азаматтық белсенділер пікір қалдырған. Қолына плакат ұстап Алматыдағы Ресей консулдығының алдында келген бірнеше белсендіні полиция консулдық ғимаратына жеткізбей ұстап әкетіп, бірнеше сағаттан кейін босатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG