Accessibility links

Азаттыққа қарсы митингіден кейін қырғыз белсенділері мен журналистер сөз бостандығын қолдап, шеру өткізді


Сөз бостандығын қолдау шеруі. Бішкек, 14 қазан 2022 жыл.
Сөз бостандығын қолдау шеруі. Бішкек, 14 қазан 2022 жыл.

Бішкекте жүздеген құқық қорғаушы, журналист және азаматтық қоғам өкілдері тәуелсіз ақпарат құралдарын қолдап, шеру өткізді. Мұның алдында бір топ адам тәуелсіз БАҚ-қа қоқан-лоқы жасап, Азаттық кеңсесінің алдында митинг өткізген еді.

Жұма, 14 қазанда демонстранттар Бішкек темір жол вокзалы маңына жиналып, ізінше қала орталығындағы парламент ғимаратына дейін шерулетіп жүрді. Олар жолда "Сөз бостандығы!" деп айқайлады.

Бір күн бұрын 40 шақты адам Азаттықтың Қырғыз қызметінің кеңсесі алдына келіп, Азаттық пен өзге тәуелсіз БАҚ – Kloop және Kaktus.media-ны жабуды талап еткен. Акцияға қатысқандардың басым бөлігі маска тағып, плакаттарымен беттерін жауып, камераға түспеуге тырысты. Олар журналистерге өздерін түсіруге де тыйым салды. Жиналғандар елдегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметін шектеп, шетелден қаржы алатын ақпарат құралдарын "халық жауы" деп атады. Митинг модераторы Илимбек Исраилов Азаттық редакциясын "өртеймін", журналистерге бензин шашып, күш қолданам деп шүйлікті.

Бірнеше қырғыз депутаты тәуелсіз БАҚ-ты жабу идеясын қолдап, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін шектеуді қуаттады. Алайда өзге депутаттар олардың сөзін сынға алды.

"БАҚ шағымдары жөніндегі комиссия" үкіметтік емес ұйымының төрайымы Тамара Валиева Азаттыққа тәуелсіз БАҚ қызметін шектеуді қолдаған депутаттар мандаттарын тапсыруы тиіс деді.

"Қырғызстандағы БАҚ – Орталық Азия аймағындағы ең мықты әрі еркін БАҚ-тардың бірі. Біздің зор артықшылығымыз да сонда. Біздің ең ірі жетістігіміз – тәуелсіз медиа мен сөз бостандығы. Енді оны бізден ақылсыз депутаттар тартып алғысы келеді. Мықты БАҚ – мықты ел екенін тек саяси тұрғыда қысқа ойлайтын адамдар ғана түсінбейді" деді Тамара Валиева.

Демонстрацияға қатысқандардың кейбірі Азат Еуропа/Азаттық медиакорпорациясының президенті Джейми Флайдың Азаттық журналистеріне бағытталған қоқан-лоқыны зерттеу туралы талабын қолдады.

XS
SM
MD
LG