Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смаилов 18 қазанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі бойынша өткен үкімет отырысында денсаулық сақтау министріне мәжбүрлеп емдеуге жіберетін процедураны жеңілдетуді тапсырды.
"Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарды да әрі қарай емдеу-сауықтыруға назар аудару керек. Оларға медициналық қана емес, білікті мамандардың психологиялық, құқықтық көмегі де керек. Аймақтарда дағдарыс орталықтары мен уақытша бейімдеу орталықтары жетіспейді",- деді Әлихан Смаилов.
Үкімет мәліметіне қарағанда, аймақтарда дағдарыс орталықтары мен уақытша бейімдеу орталықтары аз. Осыған байланысты әкімдерге тұрмыста зорлық-зомбылық көргендерге арналған дағдарыс орталықтары мен уақытша бейімдеу орталықтарын және мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық мекемелерді көбейту тапсырылды.
Оқу-ағарту министрлігіне оқушылар бойына "отбасын құрметтеуді сіңіріп, үйдегі мінез-құлықты үйрететін сынып сағаттарын қарастыру, ішкі істер министрлігіне халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Еңбек министрлігінің мәліметіне қарағанда, отбасында зорлық-зомбылық көріп, шағымданатындар Павлодар, Жетісу облыстарында, Шымкент пен Алматы қалаларында көп.
Биылдан бастап дағдарыс орталықтары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Биыл бұл үшін 1,4 миллиард теңге бөлінген. Мұндай орталықтар зорлық-зомбылық көргендерге 6 ай бойы арнаулы әлеуметтік көмек көрсетеді.
Биыл қыркүйектің басында Қазақстан отбасындағы зорлық-зомбылыққа берілетін жазаны заң жүзінде қатайтатынын жариялаған. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов зорлық-зомбылық жасаған адамды әкімшілік жауапқа тарту орнына қоғамдық жұмысқа жегу көзделіп отырғанын, оның әсері көптеу болатынын айтқан.
Егер заңға өзгерістер жасалса, зорлық-зомбылық жасағандар кемі бес тәулікке қамалады, әрекетін қайталаса 25 тәулікке дейін қамауға алынатын болады.
Ресми статистикаға қарағанда, тұрмысты зорлық-зомбылық көргендер біршама азайып келе жатқанға ұқсайды. БҰҰ мәліметіне қарағанда, Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық әйел күйеуінің немесе серіктесінің қолынан өледі. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылық тоқтамай отырғанын, зорлық туралы шағымдарды полиция кейде тіркемейтінін бірнеше рет мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР