Еуропа одағы дүйсенбі, 17 қазанда Ирандағы адам құқына нұқсан келтірушілерге қосымша тағы да санкция салатынын жариялады.
Санкция тізіміне Иранның 11 жеке тұлғасы мен 4 заңды тұлғасы енген. Оларды қыркүйектің ортасында Иран қызы Махса Әминиді полиция ұрып-соғып өлтірген соң басталған жаппай қарсылық акциясын күштеп басты деп кіналап отыр.
Махса Әминиді Тегеранда Иранның әдеп полициясы хиджапты дұрыс кимеді деп ұстаған. Полиция учаскесінен Әминиді ауруханаға апарып, ол бірнеше күннен соң сонда көз жұмған. Туған-туыстары оны полиция ұрып өлтірген деп санайды.
Еуропа одағының қара тізіміне Иранның әдеп полициясы мен оның екі өкілі, Иран құқық қорғау органдары мен ақпарат және технология министрі кірген. Соңғысын Иранда интернеттің ажыратылғанына жауапты деп санайды.
Брюссель Ресейге камикадзе дрон бергені үшін Тегеранға тағы да санкция салуды көздеп отыр.
Киев Иран Ресейге қару беру арқылы Украина жеріндегі соғысқа қатысушы және соғыс қылмыстарына жауап беруші болып саналады деп мәлімдеген.
Иран Ресейге қару бергенін теріске шығарған. Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі "Иран Ресейге дрон сатты деген қауесетті Батыс таратып отыр" деді.
ПІКІРЛЕР