Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеиді мадақтайтын әнді мектепте орындаудан бас тартқаны үшін соққыға жығылған 16 жастағы Асра Панахи ауруханада қайтыс болды. Халық наразылық акциясына шықты.
The Guardian басылымының хабарлауынша, оқиға 13 қазанда елдің солтүстік-батысындағы Ардебил қаласында болған. Иран ұстаздары кәсіби қауымдастығы үйлестіру кеңесінің мәліметінше, сол күні күш құрылымдарының өкілдері қыздарға арналған орта мектепке келіп, аятолланы мадақтайтын әнді орындауын талап еткен. Оқушы қыздар бас тартқан соң олар күш қолданған. Бірнеше қыз ауруханаға түсіп, қалғандары қамауға алынды. 14 қазанда Панахи ауруханада қайтыс болды.
Басылым мәліметінше, Иранның ресми тұлғалары болған оқиға жауапкершілігін мойнымен көтеруден бас тартқан. Асра Панахидің өлімі елде наразылық туғызды. Содан кейін мемлекеттік телеарна эфирінде өзін марқұмның немере ағасымын деп таныстырған бір кісі қызды туабітті жүрек ақауынан қайтыс болды деп мәлімдеген.
Ирандағы наразылық 22 жастағы студент Махса Аминидің өлімінен кейін басталды. Полиция оны көшеде хиджабты дұрыс кимегені үшін ұстаған. Туыстарының айтуынша, 16 қыркүйекте Амини ауруханада ауыр соққы салдарынан қайтыс болған. Билік марқұмның жүрегінде ақау болған дейді. Иран әйелдері қарсылық ретінде шашын қырқып, хиджабтарын өртей бастады. Мыңдаған адам көшеге шықты. Олар Амини өлімін тергеуді талап етті.
Толқулар күшпен басылды. Өткен аптада билік мектептерде рейд өткізе бастады. Полиция қызметкерлерінің сыныптарға баса-көктей кіріп, оқушы қыздарды автокөлікке күшпен қамап, мектептерді көзден жас ағызатын газбен атқылап жүргенін бейнежазбалардан көруге болады. Иран ұстаздарының кәсіподағы бұл рейдтерді "қатыгез әрі адамгершілікке жат" деп сипаттап, білім министрі Юсеф Нүридің қызметтен кетуін талап етті.
Iran Human Rights мәліметінше, 17 қазандағы мәлімет бойынша елдегі жалпыұлттық наразылықтар кезінде 215 адам, соның ішінде 27 бала мерт болған.
ПІКІРЛЕР