Accessibility links

Министр: Қазақстанда ұсталған қарақалпақ белсенділерін Өзбекстан азаматтары ретінде қарастырамыз


Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Қазақстан елде ұсталған қарақалпақ белсенділерін бірінші кезекте Өзбекстан азаматтары ретінде қарастырады. 20 қазанда Азаттықтың сұрағына жауап берген Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді осылай деп мәлімдеді. Қыркүйектен бері Қазақстанда "Өзбекстан билігінің сұрауы бойынша" төрт қарақалпақ белсендісінің ұсталғаны белгілі болған. Халықаралық құқық қорғаушылар оларды өз елінде қудалауы мүмкін екенін айтып, белсенділерді Өзбекстанға бермеуге шақырған.

– Біз оларды бірінші кезекте Өзбекстан азаматтары ретінде қарастырамыз. Сондықтан олар Қазақстанда құқықбұзушылықтар жасап жатса, біріншіден, олар біздің заңдарымызға сәйкес тиісті жазалауға ие болады. Ал енді қайтару жөнінде: қазір ғана айтып шыққандай ол енді екі мемлекеттің арасындағы ішкі істер министрлігі арасында [талқыланады] немесе шекарадан өту мәселесі болса, екі елдің шекара қызметі арасында талқыланады, – деді Мұхтар Тілеуберді.

Құқық қорғаушылар мәліметінше, Қазақстанда ұсталған қарақалпақ белсенділерінің барлығы бұған дейін Астанадан пана сұраған. Ресми орындар әзірге ақпаратты растамады.

Бейсенбі күні Тілеуберді Қазақстанның Украина бойынша БҰҰ-дағы позициясы жөнінде сұрақтарға да жауап берді. Жуырда БҰҰ-да Ресей аннексиясын айыптаған резолюцияға дауыс беру кезінде Қазақстан қалыс қалған болатын. "Бұған дейін Тоқаев Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдар – "ЛХР" мен "ДХР"-ді мойындамайтынын мәлімдеген. Бірақ жуырда Ресей аннексиясын айыптау бойынша дауыс беру кезінде қалыс қалды. Мұны қалай түсіндіресіз?" деген сұраққа министр былай деп жауап берді.

- Ең бірінші, мемлекет басшымыз айтқандай Қазақстан стратегиялық нейтралитет ұстануда. Сондықтан әрине, көбіне Украинаға байланысты қалыс қалудамыз. Қалыс қалу деген БҰҰ-да қарастырылған ұстаным, – деді Мұхтар Тілеуберді.

Министр Азаттық тілшісінің Қаңтар оқиғасы бойынша да сұрағына жауап берді. Қазан айының басында АҚШ сенатының депутаттары Ақ үйді Қаңтар оқиғасын тергеуге үндеген. Олар "Қазақстанның күштік құрылымдарының бейбіт наразылар мен азаматтар, ұсталғандарға күш қолдануын зерттеу бойынша халықаралық талпынысты қолдауға" шақырған.

Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның өз ішінде "тергеу жүргізіліп жатқанын" алға тартып, Қаңтар бойынша "халықаралық тергеу өткізудің қажеті жоқ" деді.

Қазақстан билігі бұған дейін де халықаралық ұйымдардың Қаңтарды зерттеу бойынша ұсынысын кері қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG