Accessibility links

Еуроодақ ізінше Лондон да Ресейге дрон тасымалдаған Иранға санкция салды


Украин полициясы әуеден шабуыл жасаған дрондарды көздеп тұр.
Украин полициясы әуеден шабуыл жасаған дрондарды көздеп тұр.

Ұлыбритания ирандық үш генерал мен қару-жарақ өндірумен айналысатын бір фирмаға санкция салды. Бұған дейін Ресейдің иран дрондарын Украинадағы соғыста пайдаланып жатқаны жөнінде ақпарат шыққан.

Британ қаржы министрлігі санкция тізіміне Shahed дрондарын өндіретін Shahed Aviation Industries компаниясын да енгізді. Кейінгі апталарда Ресей армиясының украин қалалары мен энергия нысандарын дәл осы дрондармен атқылағаны хабарланған. Лондонның айтуынша, дрондар Ресейге "Украина аумағын заңсыз басып кіруге пайдалану үшін" беріліп отыр.

Бейсенбі күні Тегеранға санкцияны күшейту туралы шешімді Еуроодақ мақұлдаған. Бұл жөнінде Твиттерде Еуроодаққа төрағалық етіп жатқан Чехия басшылығы хабарлады. Кейін шешім Еуропа журналында жарияланып, күшіне енді.

Shahed Aviation Industries мен үш ирандық генерал Еуропа санкциясына да енген. Бұлар: Иран қарулы күштері бас штабының өкілдері генерал-майор Мұхаммед Хусейн Багери, қорғаныс министрлігі жанындағы өнеркәсіп-зерттеу бөлімінің жетекшісі Сайед Ходжатолла Горейши және ислам революциясы сақшылар корпусының аэроғарыш күштеріне жетекшілік ететін Сайед Агаджани. Олардың Еуроодақ аймағындағы есепшоттары бұғатталып, Еуроодақ елдеріне баруына тыйым салынады.

Кейінгі күндері Ресей Украинаға шабуылда ирандық "Шахед-136" дрондарын пайдаланып жатыр. Дегенмен Мәскеу де, Тегеран да ақпаратты терістеп келеді.

XS
SM
MD
LG