Accessibility links

Тоқаев тіл мен ұлтаралық қатынасты "саяси құралға" айналдырмауға үндеді


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

22 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Республика күніне орай өткізілген салтанатты шара кезінде қазақ тілінің ахуалына тоқталды. "Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады" деді ол.

– Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді, - деді Тоқаев.

Ол тіл, ұлтаралық қатынасты "ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар" деп атап, "мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды" деді.

"Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес" деді ол.

19 қазанда Тоқаев Алматы облысы "жұртшылығымен кездесу" кезінде Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтін жастар көбейіп келе жатқанын, "алайда кейбірі тіл мәселесін қоғамда ыдырату құралы ретінде пайдаланады" деп мәлімдеген. Сол кезде де ол "қазақ тілін саяси ойындарға пайдалануға болмайды. Мұндай қателіктер кейбір елдерде қайғылы оқиғаларға апарды" деген еді. Ол тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің мәртебесі "артқан да, кеміген де жоқ" деген.

Оның алдында Тоқаев Астанадағы саммит кезінде ТМД деңгейінде "орыс тілін дамыту бойынша халықаралық ұйым құру" идеясын қайталап, оны Ресей басшысы Владимир Путин қолдаған еді. Әлеуметтік желіде қолданушылар билік бірінші кезекте мемлекеттік тілге көңіл бөлуі тиіс деп, жоғарыдағылардың қазақ тіліне деген "салғырттығын" айыптап, сынаған. Саясаттанушы Димаш Әлжанов Телеграм-арнасында "қазақ тілінің саясилануынан қашып құтыла алмайсың, себебі тілдің дамуы, оның өміршеңдігі қоғамның саяси өмірінің либерализациясымен тікелей байланысты" деп жазды.

Көрші Ресейде мобилизация жарияланып, соғыстан қашқандардың едәуір бөлігі Қазақстанға ағылған кезде қоғамда тіл мәселесі мен оған қатысты даулар жиіледі. Осы аптада кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың орыс тілін білсе де, қазақша сөйлейтендерді сынаған сөзі дауға айналып, ізінше кәсіпкер кешірім сұрады. Қолданушылар кәсіпкерге тиесілі компания сайттарының қазақша нұсқасы жоғына назар аударып, компания өнімдеріне бойкот жариялаған. Компания өкілдері жыл соңына дейін сервистерін қазақшалауға уәде берді.

Видео: "Қазақтың наны тәтті, тілі жаман ба?" Қатаң сынға қалған кәсіпкер кешірім сұрады (21 қазан 2022 жыл).

"Қазақтың наны тәтті, тілі жаман ба?" Өткір сынға қалған Мухоряпов кешірім сұрады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:01 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG