Accessibility links

Батыс елдері БҰҰ-ны Иранның Ресейге дрондар жеткізуін зерттеуге шақырды


Shahed-136 дрондарының қалдықтары.
Shahed-136 дрондарының қалдықтары.

Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Франция БҰҰ-ны Ресейдің Украинадағы соғыста Иран дрондарын пайдалануын зерттеуге шақырды. Олардың пікірінше, дрон беру Иран ядролық бағдарламасына байланысты қабылданған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі резолюциясына қайшы.

Берлин, Париж және Лондон БҰҰ бас хатшысына жазған ортақ хатында Ресей Иран дрондарын "Украинаның азаматтық нысандары мен қалаларына шабуыл жасау үшін пайдаланып жатыр, соның салдарынан кінәсіз бейбіт азаматтар опат болды" деп жазды. Вашингтон жұма күні өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында зерттеу туралы талапқа қосылды. АҚШ өкілінің айтуынша, "БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі резолюциясына қайшы әрбір оқиға зерттелуі тиіс".

Ресей БҰҰ хатшылығының зерттеуге қатысуына түбегейлі қарсы және ол тек Қауіпсіздік кеңесінің шешімі бойынша ғана басталуы мүмкін деп санайды. Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Василий Небензяның сөзінше, зерттеу басталған жағдайда Ресей "БҰҰ хатшылығымен тұтас қарым-қатынасын қайта қарауы мүмкін".

Қауіпсіздік кеңесі отырысында Небензя Ресейге Иран дрондарының жеткізілгені жайлы ақпаратты "фейк" деп атады. Дегенмен Ресей әскерінің Украинадағы соғыста дрон пайдаланып жатқанын мойындады. Оның сөзінше бұл "асқақтаған киев террористерінің бетін қайтару" үшін жасалып жатыр. Ол Ресейдің қандай дрондарды пайдаланып жатқанын айтпады.

Иран да Ресейге дрон бергенін мойындамай отыр. Сенбі күні Тегеран Батыс елдерінің зерттеу туралы үндеуін айыптады.

Ресейдің Украинаға соққы жасағанда ирандық Shahed-136 дрондарын пайдаланғанын дәлелдейтін көптеген айғақ-дерек бар. Ресей әскері оларды "Герань-2" деп атайды. Кремльшіл блогерлер Иран дрондары пайдаланылып жатқанын ашық жазады.

XS
SM
MD
LG