Accessibility links

Ұлыбритания: Украина Ресей әскеріндегі Иран дрондарының көбін құлатып жатыр


Украина аспанында ұшып жүрген камикадзе дрон.
Украина аспанында ұшып жүрген камикадзе дрон.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Украинадағы соғысқа байланысты күнделікті есебінде "Украина әскері Ресей қолданысындағы Иранның камикадзе дрондарының көбін құлатып жатыр" деп мәлімдеді.

24 қазандағы есебінде Британия барлаушылары "Иранның камикадзе дрондарының жылдамдығы баяу, шулы дауыспен әрі төмен ұшатындықтан ракетаға қарсы құрылғыларға оңай ілінеді" деп жазды.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Украина әскері Ресей дрондарының 85 пайызын құлатып жатқанын мәлімдеген. Ал Украина қорғаныс министрлігі барлау басқармасының жетекшісі Кирилл Буданов Ресей әскері ұшырған дрондардың тек 30 пайызы діттегеніне жетіп жатыр деген. Буданов "Ресей Ираннан 1700 дана дрон сатып алғанын, оның 600 данасы Ресейге жеткізілгенін" де айтқан.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей өз дрондарының азаюына байланысты Иран дрондарын қолданып жатыр деп санайды.

Украина мен Батыс елдері Ресей соғыста Иранның "Шахид-136" камикадзе дрондарын "Гарень-2" деген атпен қолданып жатыр деп мәлімдеген. Мәскеу мен Тегеран мұны жоққа шығарады.

Еуропа одағы мен Ұлыбритания Иранның дрон жасаушыларына және Иранның әскери қызметкерлеріне санкция салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG