Accessibility links

Астанада митинг өтеді деген орын қоршалып, кемі екі адам қамауға алынды


Астанада қарсылық акциясы болуы мүмкін жерде тұрған темір қоршаулар мен қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері. 25 қазан 2022 жылд
Астанада қарсылық акциясы болуы мүмкін жерде тұрған темір қоршаулар мен қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері. 25 қазан 2022 жылд

Мерзімінен бұрын президент сайлауына қарсы акция болады деген орында Астананың кемі екі адамы қамауға алынды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Азаттықтың түсіру тобы полиция көлігінде бір адам отырғанын көрді. Оның кім екені белгісіз. Кейінірек жергілікті белсенді Венера Жаңабаеваның да полиция автокөлігінде отырғаны белгілі болды. Журналистер оларды көлік терезесінен көрді.

Азаттықтың түсіру тобы митинг болуы мүмкін деген орын - Жеңіс даңғылындағы алаңқайға бір сағат бұрын барған. Алаң темір шарбақпен қоршалған. Төңіректе полицияның қара әйнекті көліктері жүрді. Айналасында арнаулы қызметкерлер отырған бірнеше микроавтобус байқалды. Қарапайым киінген ондаған адам саябақ маңын бақылап жүрді. Әр елу метр сайын полиция қызметкерлері күзетіп тұрды.

Тілшінің бақылауына қарағанда, қала тұрғындары мен ойын балалары әдетте адамдар демалатын орындарға жақындай алмаған. Өзін Тимур Боздақов деп таныстырған полиция қызметкері "мерекеге байланысты күзет күшейтілгенін" айтты. "Қоғамдық тәртіпті бақылап тұрмыз, өйткені бұл жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр" деді ол.

Акция өтеді деген жерге бақылаушы ретінде келген адам құқығы бойынша бюроның Астанадағы бөлімшесінің басшысы Артур Алхастовтың сөзінше, мүмкіндігі шектеулі белсенді Ермек Бекешов "жедел жәрдем көлігінде отырған, оны көліктен түсірмеген".

Митинг өткізетіні туралы Астана әкімдігіне хабарлаған белсенділердің көбі саябаққа келмегені байқалды. Соның бірі, марафоншы Марат Жыланбаевпен хабарласу мүмкін болмады. Бұған дейін митинг өтетінін хабарлаған Астана белсендісі Әсия Бақаева кешеден бері үйін белгісіз адамдар торуылдап жүргенін хабарлады. Қамалудан қауіптенген белсенді үйінен шыға алмай отырғанын айтты.

Бұған дейін белсенділер 25 қазанда Астанадағы Жеңіс даңғылының бойындағы қаржы министрлігінің алдында және Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің қарсы бетінде түскі 12-14 аралығында митингі өтетінін хабарлаған.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының белсенділері мерзімінен бұрын өтетін сайлауды тоқтатуды және жаңа саяси партияларды тіркеуді талап етіп митинг өткізетіні жайлы мәлімдеген. Екі қаланың әкімі де рұқсат бермеген.

Бүгін Ақмола облысы Шортанды кентінің белсендісі Амангелді Жахинді Астанаға "митингіге бара жатқан" кезде полиция тоқтатқан.

Құқық қорғаушылар Ақсай, Павлодар, Өскемен белсенділеріне де осыған ұқсас кедергілер жасалып жатқанын айтады.

Алматыдағы Республика алаңын да қауіпсіздік күштері қоршап тұрды. Қаланың орталық көшелері полиция бақылауында екені байқалды.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда кез келген акция биліктің рұқсатымен өтетінін бұған дейін де әлденеше рет сынға алған. 2020 жылы "Бейбіт жиындар" туралы заңға өзгеріс енгізіліп, "мұнан былай әкімдік рұқсатын сұрамай-ақ, әкімдікке хабар берсе жеткілікті" екені айтылған. Алайда белсенділер шын мәнінде билік қолында бейбіт жиынға кедергі келтірудің түрлі жолы бар екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG