Accessibility links

Қарағанды әкімдігі кезектен тыс президент сайлауына қарсы митинг өткізгісі келген белсендінің өтінішін кері қайтарды


Ғалым Рахимов.
Ғалым Рахимов.

Қарағанды облысының тұрғыны 57 жастағы Ғалым Рахимов 25 қазанда Қарағандыда облыс әкімдігі алдында бейбіт митинг өткізгісі келген. Алайда жергілікті билік оған митинг өткізуге рұқсат бермеді. Белсенді әкімдік жауабын 25 қазанда алған.

Ғалым Рахимов әкімдікке өтінішті бірнеше күн бұрын берген. Өтініште митингіде қозғалатын бірнеше мәселені атап көрсеткен: 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауын өткізбеу, кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеу, саяси тұтқындарды босату және елдегі барлық саяси партияны тіркеу.

Рахимов өзін тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының өкілі ретінде атады. Ол Қарағанды маңындағы Ақтас ауылында тұрады. Белсенді қозғап отырған мәселесінің маңыздылығына қоғам назарын аударту үшін митингіні облыс орталығында өткізгісі келген.

- Митингіге рұқсат берудің орнына (оған он адам келетін еді - Ғ.Р.), екі-үш адамға үйімнің маңын күзеткізіп қойды. Әуелі олар көшеде капюшонмен тұрған, кейін "Тойота" маркілі машинаға кіріп отырды, - деді Рахимов.

Ол елде "ештеңе өзгермегендіктен", азаматтардың құқықтары әлі бұзылып жатқандықтан президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылғысы келгенін айтады.

—Заң бойынша біз рұқсат сұрамай, әкімдікке тек ескерту беруіміз керек. Конституция бойынша бейбіт митинг өткізуге құқымыз бар. Билік сұраған орын дұрыс болмаса, басқа орын беруі тиіс еді. Бірақ саяси мәселелермен шығып жүрген өзге белсенділер тәрізді маған да рұқсат бермеді, – дейді Рахимов Азаттыққа.

Қала әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанованың қолы қойылған әкімдік жауабында "арнайы орындарда бейбіт митинг өткізу хабарламасының мазмұнына" талаптар анықталғандықтан хабарламада "басқа орын" жазылғаны көрсетілген. Соған орай белсендінің өтініші орындалмаған. Әкімдік бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғандар сол үшін жауапқа тартылады деп ескерткен.

Белсенді Ғалым Рахимов әлеуметтік желілерде Қазақстан билігін сынап, жиі жазба жариялайды. Ол бұрын полиция органдарында істеген. Айтуынша, Желтоқсан оқиғасы кезінде күштік құрылымдардың "студенттерді ұрып-соққанын көріп", қабылдай алмай, ізінше жұмыстан шыққан.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы 25 қазанда Қазақстанның бірнеше қаласында кезектен тыс президент сайлауына қарсы бейбіт митинг өткізетінін мәлімдеген. Белсенділердің айтуынша, алайда кейбірі аңдуға ұшырап, кейбірі ұсталған. Астанада митинг өтеді деген орында кемінде екі адам ұсталды. Ақпаратқа қарағанда, бірнеше сағаттан соң олар босатылған. ІІМ белсенділерге қысым мен қудалау жөнінде ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Қарай отырыңыз: "Билік үлкен митинг болады деп қорыққан болар" (25 қазан 2022 жыл).

"Билік үлкен митинг болады деп қорыққан болар"
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:01 0:00

XS
SM
MD
LG