Accessibility links

Қамаудағы саясаткер Жанболат Мамайдың ісі сотқа жіберілді


"Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, қазір үстінен қылмыстық іс қозғалып тергеу абақтысында отырған Жанболат Мамайды босатуды талап еткен белсенділер биліктегі "Аманат" партиясы кеңсесіне келе жатыр. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.
"Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, қазір үстінен қылмыстық іс қозғалып тергеу абақтысында отырған Жанболат Мамайды босатуды талап еткен белсенділер биліктегі "Аманат" партиясы кеңсесіне келе жатыр. Алматы, 6 қазан 2022 жыл.

Тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі, үш бап бойынша айыпталып, қазір тергеу изоляторында отырған белсенді, саясаткер Жанболат Мамайдың ісі сотқа жіберілді. Бұл жөнінде 28 қазанда белсендінің әйелі Инга Иманбай хабарлады. Адвокат Жанар Балғабаева да растады.

"Бүгін Жанболат Мамай мен адвокаттарына айыптау актісі беріліп, оның ісі Бостандық аудандық сотына Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша жіберілді. Қаңтар бойынша 400-бап ("заңсыз митинг ұйымдастыру"), 378-бап ("полицияға тіл тигізу"), 274-бап ("несиелік амнистия бойынша жалған ақпарат тарату"). Жанболат өзіне тағылған айыптың ешқайсын мойындамайды, өзіне қатысты істің барлығын саяси жала деп бағалайды" деп жазды Инга Иманбай Фейсбук парақшасында.

Инга Иманбай осы аптада Еуропарламентте сөйлемей тұрып, бір күн бұрын күйеуіне "жаппай тәртіпсіздік" бойынша тағылған айыптың сәл жеңілірек – "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (400-бап) бабымен алмастырылғанын хабарлаған еді.

"Тағылған айыптардың абсурд екенін түсінген билік халықаралық қысым нәтижесінде бостан-босқа жала жауып отырғанын мойындауға мәжбүр болды" деген еді Еуропарламент отырысына онлайн қатысып, сөйлеген Инга Иманбай.

Бұған дейін бірқатар халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатуға шақырған. Тамыз соңында Қазақстанға келген Еуропарламент депутаттары Астананы белсенділерді қудаламауға, оның ішінде Мамайды босатуға үндеген.

Қалалық соттың баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын ақпаратты анықтайтынын айтты.

Қазақстанның демократиялық партиясын тіркей алмай келген саяси белсенді Жанболат Мамай биыл ақпанда – Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. 15 күн әкімшілік қамауға алынған Мамай ізінше тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған "жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша айыптар тағылды.

Маусымда Иманбай күйеуіне Қаңтар кезінде "жаппай наразылық ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылғанын да хабарлаған. Мамайдың айтуынша, билік оны 4 қаңтарда "Алматы Арена" кешені маңындағы митингіні "ұйымдастырды" деп кінәлағысы келеді. Мыңнан астам адам жиналған митингіні сол күні полиция күшпен таратқан еді. Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, тәртіпсіздікке қатысы жоғын айтқан. Айыптарды саяси қудалау деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG