Accessibility links

"ҰҚК қызметкерлері азаптады" деп шағымданған кәсіпкер Мұратхан Тоқмади жәбірленуші деп танылды


Қамауда отырған кәсіпкер Мұратхан Тоқмади (оң жақта).
Қамауда отырған кәсіпкер Мұратхан Тоқмади (оң жақта).

БТА банк басшысы Ержан Тәтішевті Мұхтар Әблязовтің тапсырмасымен өлтірді деп айыпталып, көп жылға сотталған түрмедегі кәсіпкер Мұратхан Тоқмади ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің азаптау ісі бойынша жәбірленуші деп танылды. Бұл жөнінде әйелі Жәмила Айымбетова-Тоқмади хабарлады.

Ол Азаттық тілшісіне биыл сәуірде бас прокуратура мен ҰҚК-ға азаптау фактісі бойынша шағым түсірілгенін айтты. Көп шағым жіберілгеннен кейін жеті айдан соң Мұратхан Тоқмади сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне аталған факт бойынша тергеуге жеткізілген.

Жәмила Айымбетованың айтуынша, шағымда Тоқмади өзін "БТА банктің басшысы Ержан Тәтішевті өлтірдім" деп мойындатқызу үшін ҰҚК басшыларының оны ұрып-соғып, психотроп дәрілер бергенін жазған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары 1 маусымда тіркеліп, ертесіне Тоқмади іс бойынша жәбірленуші болып танылған.

Жәмила Айымбетова 2017-2018 жылдары күйеуін ҰҚК-нің психиатрия бөлімінде ұстағанын, одан үздіксіз УЗИ мен рентген анализдерін алып отырғанын және оның себебі түсініксіз күйде қалғанын айтады.

"Не үшін 2018 жылы, 13 жылдан соң – бірнеше сот үкімі күшіне енгеннен кейін, Конституцияға қайшы әрекет ете отырып, Ержан Тәтішевтің аңға шыққан кезде оққа ұшу ісін қайта қолға алды? Қандай негізде Мұратхан Тоқмадиді бастапқыда "байқамай кісі өлтіріп алған" деп, кейін "тапсырыспен адам өлтірген" деп таныды?! 2005-2006 жылдары ақталған еді" деді Жәмила Айымбетова-Тоқмади.

БТА банк басшысы Ержан Тәтішев 2004 жылы далада аңға шығып жүргенде оқ тиіп қаза болған. Сол кезде мұны сот "жазатайым оқиға" деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмади "Тәтішевті "ТұранӘлем" банкін иеленуді көздеген Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтірдім" деп мәлімдеген. Сот оны айыпты деп танып, 2018 жылы он жарым жылға соттаған.

Биыл наурызда Мұратхан Тоқмади Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, істі қайта қарауды сұраған. Хатта Тоқмади қамауда отырған өзін азаптағаннан кейін тағылған айыпты "мойындауға" мәжбүр болғанын айтқан. Ол өзі мен жақындары, әріптестері мен достарына жасалған "құқықтық вандализмге" биыл қаңтардың басында ауыр қылмысқа күдікті ретінде қамалған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ("мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша айыпталған, қазір тергеу изоляторында отыр) бастаған күш құрылымдарын кінәлаған.

Қазан айында Ұлытау облысының соты Мұратхан Тоқмадидің мерзімінен босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады.

XS
SM
MD
LG