Accessibility links

"АрселорМиттал Теміртау" шахтасында апаттан бес кенші қаза болды


Қарағанды облысындағы шахталардың бірі. Көрнекі сурет.
Қарағанды облысындағы шахталардың бірі. Көрнекі сурет.

Қарағанды облысы Шахтинск қаласында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты Ленин атындағы шахтадағы апат салдарынан бес кенші қаза болып, тағы төрт адам ауруханаға түсті, бір жұмысшы іздестіріліп жатыр. Бұл жөнінде Қазақстан төтенше жағдай министрлігі хабарлады.

Әуелде шахтадағы апат салдарынан төрт кенші опат болған деген ақпарат тараған, кейін тағы бір адамның қаза тапқаны белгілі болды.

Министрлік мәліметінше, 3 қарашада шамамен түнгі сағат үште Шахтинск қаласында газ кәрізі ұңғымасын бұрғылау кезінде метан газы шығып, жарылыс болған.

Төтенше оқиға болған жерден 106 шахтер эвакуацияланған.

"Апатты тексеру бойынша комиссия құрылып жатыр, оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін тергеу жүргізіледі" деп жазған министрлік.

Бейсенбі күні таңертең компания әкімшілігі Ленин атындағы шахтада жарылыс болғанын хабарлады.

"Құтқарушылар сол жерде жұмыс істеп жатыр. Дәл қазіргі сәттегі дерек бойынша, бес әріптесіміз мерт болғанын растай аламыз. Зардап шеккен әріптестеріміз ауруханаға жеткізілді, оларға медициналық жәрдем көрсетіліп жатыр. Апат салдарын жою қызметтері және билік орындарымен бірге жедел шаралар атқарып жатырмыз. Әріптестеріміздің отбасыларына дереу көмек көрсетіп жатырмыз. Мүмкіндік болған сәтте толығырақ ақпарат беретін боламыз" деген компания.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы апаттан зардап шеккен төрт адамның метан газынан уланып, түрлі жарақат алғанын хабарлады.

– Зардап шеккендердің екеуі Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың токсикология бөліміне жатқызылды. Метанға уланып, оған қоса түрлі дәрежеде жарақат алған тағы екі адам Шахтинск қаласында, – деді басқарма өкілдері.

Қарағанды облысының полициясы "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахтада қаза болған жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтты деп хабарлады Ақорда. Президент үкімет пен Қарағанды облысы әкіміне "апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды, қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді" тапсырған.

Түс кезінде Қарағанды облысы әкімдігі шахтадағы апаттан қаза тапқандардың аты-жөнін жариялады:

  • Бойченко Дмитрий Игоревич, машинист, 1991 жылы туған;
  • Санжаров Андрей Павлович, машинист, 1980 жылы туған;
  • Инкин Денис Анатольевич, машинист, 1984 жылы туған;
  • Қашкей Арман Қадыржанұлы, машинист, 1993 жылы туған;
  • Ынтыбеков Мағжан Серікұлы, машинистің көмекшісі, 1998 жылы туған.
Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахта, Қарағанды облысы, 21 қыркүйек 2006 жыл.
Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахта, Қарағанды облысы, 21 қыркүйек 2006 жыл.

Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахта 1964 жылға пайдалануға берілген. 1970 жылдың аяғынан бері осы шахтада адам қазасына себеп болған кемінде жеті апат тіркелді. Шахта тарихындағы ең ірі апат 2006 жылы болған еді: метан газынан болған жарылыс салдарынан 41 адам өлген.

Бұған дейін Сарань мен Абай шахталарында да апат болған. 2021 жылы қарашада Абай шахтасында метан жарылып, алты адам қаза тауып, екі адам зардап шеккен.

"АрселорМиттал Теміртау" акционерлік компаниясының өзге кәсіпорындарында да қайғылы оқиғалар болған. Биыл маусымда Теміртауда цехтың төбесі опырылып, жұмысшылар үйінді астында қалды. Төрт адам қаза тауып, бір адам қатты зардап шеккен. Бір аптадан соң АМТ компаниясына тиесілі жылу электр орталығындағы қазандықты жөндеу кезінде бір жұмысшы мерт болды.

XS
SM
MD
LG