Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы кейінгі он күнде екі рет жылусыз қалды. Қала тұрғындары жылу қосылғаннан кейін де үйіміз суық деп шағымданып отыр.
31 қазанда Риддердегі жылу электр орталығының (ЖЭО) жоғары қысымды қазандығы істен шығып, бір орталықтан жылытатын жүйеге қосылған тұрғын үйлер түгелге дерлік жылусыз қалды. Қала әкімдігі 1 қарашада "жылу берілгенін" хабарлаған, бірақ тұрғындар әлеуметтік желіде "үйі әлі суық" екенін айтып шағынып жатыр.
Қалада ЖЭО-дан 1700 нысан жылу мен ыстық су алады. Оның ішінде тұрғын үйлер, ауруханалар, клубтар, мектептер, спорт нысандары бар.
Қала тұрғындары арасында танымал Инстаграмдағы ridder.city атты пабликте Елена есімді тұрғын 2 қараша түнде "5-шағын ауданда батарея суық" екенін жазды. Настя есімді қолданушы Безголосов көшесінде "жылу да, ыстық су да болмағанын" айтты. "Батарея әрең жылып тұр. (…) Апамыз жөтеліп, балалардың мұрнынан су аға бастады" деді Тимур есімді азамат 2 қарашада кешке. Пабликте қала тұрғындарынан түскен осыған ұқсас шағым көп.
Қала әкімдігі әзірге пабликтегі шағымдарға реакция білдірген жоқ. Ал Азаттық тілшісі ЖЭО-ға қарашаның екісі және үшінде бірнеше рет хабарласқанымен нақты жауап ала алмады.
Шамамен 56 мың адам тұратын Риддер қаласында бұған дейін де осыған ұқсас оқиға болған. 23 қазанда жылу желілеріндегі температура 70-тен 20 градусқа дейін төмендеген.
"Риддер қаласында қолайсыз жағдай болды. ЖЭО басшылығы мазуттың сапасын бақыламай, ол сумен араласып, салдарынан жылу станциясы қазандықтары уақытша тоқтады" деді оқиғаға 24 қазанда түсініктеме берген облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сол күні "Қазмырыш" компаниясы жылу электр орталығына 60 тонна мазут жібергені, ал Өскеменнен 70 тонна мазут жолданғаны белгілі болды. "Осы отын көлемі жылу станциясының 100 күндік үздіксіз жұмысына жеткілікті" деген еді облыс әкімі.
Риддер жылу электр орталығына 2018 жылдан бері жекеменшік Greenenergyq компаниясы иелік етеді. Қазанның аяғында облыс әкімі Даниал Ахметов ШҚО прокуратурасы Риддер ЖЭО басшылары үстінен "немқұрайлық" фактісі бойынша тергеу бастағанын айтқан. 2 қарашада прокуратура өкілдері Азаттыққа "тексеріс әлі жүріп жатқанын" хабарлады. Ал ЖЭӨ өкілдері қазірге дейін тергеуге байланысты ешқандай түсініктеме бермеді.
Мамыр айында энергетика министрлігі Риддер ЖЭО-ға профилактикалық тексеру жүргізіліп, энергетика жабдықтарын пайдалану жөніндегі нормативтік құқықтық актілердегі талаптар орындалмағанын, 2022 жылдың аяғына дейін олқылықтар жойылуы керегін хабарлаған.
Риддерде биыл күзде алғашқы қар 29 қыркүйекте жауған. Мекемелер мен тұрғын үйлер қыркүйектің аяғынан бастап жылуға қосыла бастады. Қазан айының соңында өңірде қар жауып, көктайғақ болды.
Жылыту маусымы басталысымен қиындық көріп жатқан қала тұрғындары қыс түскенде жағдай қалай болатынын қатты уайымдап отырғанын айтады.
ПІКІРЛЕР