Accessibility links

Парламент "омбудсменнің өкілетін кеңейтетін" заңды мақұлдады


3 қарашада сенат Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңды мақұлдады. Құжат авторларының айтуынша, заң Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілетін кеңейтіп, Қазақстан бойынша өкілдерін тағайындауды қарастырады. Уәкілге тиіспеушілік мәртебесі бекітіліп, оның сотқа шағым түсіру мүмкіндігі пайда болады.

"Заң жобасының мақсаты – адам құқықтарын іске асырудың кепілі ретінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін бекіту бөлігінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру. Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормаларымен уәкілдің қызметінің міндеттері, тәуелсіздігі мен өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың алдында есеп бермеуінің кепілдіктері бекітілді" деді әділет министрі Қанат Мусин сенат отырысында.

Оның айтуынша, заң қабылданса, "Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық сотқа жүгіне алады".

"Уәкілдің құзыретін күшейту мақсатында оның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз бару құқығы бекітіледі" деді Мусин.

Құжат авторларының айтуынша, заң жобасы сонымен бірге омбудсменге тиіспеушілік мәртебесін береді. Атап айтқанда, құжат оны қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартылудан қорғайды. Құжат бойынша оның қызметіне араласуға, заңда қарастырылмаған қандай да бір міндет жүктеуге, өкілетіне кедергі келтіруіне жол берілмеуі тиіс.

Бұған дейін құқық қорғаушылар Астананы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты түзетулерді жетілдіруге, "құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге" үндеген. Олар заңда омбудсменді сайлау мен өкілетін тоқтату тәртібін бекітуді, сонымен бірге оның тиіспеушілік мәртебесін орынбасарлары мен қызметкерлеріне де беруге шақырған. Сенат қабылдаған заңда аталған өзгерістердің қаншалықты ескерілгені белгісіз. Азаттық тілшісі әзірге қабылданған құжат мәтінімен таныса алмады.

Орталық коммуникациялар қызметі 3 қараша күнгі хабарламасында 25 қазанда заң жобасы "Венеция комиссиясының 132-пленарлық отырысында қапралғанын", "50 пайыз рекомендациялары ескерілгенін" жазды.

Құжатқа сәйкес, сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің аймақтарда өкілі бекітіледі. Қазақстан бойынша барлығы 17 өкілдік пайда болады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова бұған дейін ол үшін бюджеттен қосымша 2,4 млрд теңге бөлінетінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG