Қарағанды облысында бірнеше шахта мен комбинатқа ие "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 6 қарашада шахталардың бірінің аумағында бір жұмысшының денесі табылғанын хабарлады.
Компания жексенбі күні бұл жөнінде қысқа хабарлама таратты.
"2022 жылдың 6 қарашасында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасы аумағында департамент бөлімшелерінің бірінде жұмыс істеген қызметкерінің мәйіті табылды. Оқиға кезінде қызметкер кезекшілікте болмаған. Ішкі істер органдары тергеу жүргізіп жатыр" деп жазылған хабарламада.
Қарағанды полициясы әзірге оқиғаға түсініктеме берген жоқ.
Бірнеше күн бұрын компанияның Шахтинск қаласында орналасқан Ленин атындағы шахтасында метан газы тарап, жарылған еді. Апаттан бес адам қаза тауып, төрт кісі ауруханаға түскен. АМТ шахталары бір тәулікке жұмысы тоқтатылған. Оқиғаға байланысты үкімет комиссиясы құрылғаны хабарланған. Полиция қылмыстық іс қозғаған.
Ақпаратқа қарағанда, жазда шахта тексерілген, бірақ метан шығаруға байланысты ешқандай ескерту болмаған. Апат болған орыннан алыс орналасқан учаскедегі лавада метан мөлшерінің көбейгені осыдан бір апта бұрын тіркелген.
Шахтинск қаласында 36 мыңнан астам адам тұрады. Олардың көбі Қарағанды көмір бассейнінің ең ірі шахтасы саналатын Ленин атындағы шахтада жұмыс істейді. 1970 жылдардың аяғынан бері осы шахтада кемінде жеті рет адам өліміне әкелген апат болған.
ПІКІРЛЕР