Accessibility links

Тоқаев Маңғыстау облысында "кибершабуыл" жайлы сөз етіп, еңбек дауын алаңда шешуден сақтандырды


Қазақстан президенті қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы жұртымен кездесуде "Қазақстан ақпарат жүйесіне кибершабуыл жасалып жатқанын" және елдің "ішкі және сыртқы жаулары" туралы айтты.

"Мұндай жағдай әсіресе қазіргі саяси кампания кезінде жиілей түсті. Біз мұның жолын кесеміз, керек болса жалған ақпарат таратуға тыйым салуға дейін барамыз" деді осы айда елде кезектен тыс өтетін сайлауға президенттікке кандидат, ретінде қатысып жатқан 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Қастерлі тәуелсіздігімізді қорғауға дайынбыз. Бұған дейін де айттым, ұлттық мүддемізді тек дипломатиямен ғана емес, өзге де қатаң жолдармен қорғауға дайынбыз", - деп мәлімдеді ол.

Тоқаев 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауға кандидат ретінде тіркелгеннен кейін де аймақтардағы "жұмыс сапарын" жалғастырды. Ол жұрт алдында сөйлегенде ұлттың бірлігі мен ынтымағы туралы бірнеше мәрте сөз етіп, "ел ішіне іріткі салғысы келетін ішкі және сыртқы күштер" бар екенін меңзеді.

Маңғыстау облысындағы кездесуде "Елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке сыртқы саяси жағдайлардан өзге ішкі жағдай да үлкен ықпал етеді. Еліміздің тысында да, ішінде де алауыздық туғызғысы келетіндер бар кезде қол қусырып отыра алмаймыз", - деп мәлімдеген Тоқаев кімді меңзегенін нақтылаған жоқ.

Билік өкілдері бұған дейін де "Қазақстан ақпарат жүйесіне кибершабуыл жасалғанын" бірнеше рет мәлімдеген. Қыркүйектің аяқ шенінде мұнай мен сирек кездесетін металл өндірісіне қатысы бар активтермен Тоқаевтың байланысы болуы мүмкін деген Швейцарияның Public Eye ұйымының зерттеуін жариялаған соң Азаттық сайтының ашылуы қиындай түскен. Ақорда бұл іске байланысты реакция білдірмеген. Бірақ Азаттық сайты осы жарияланымнан кейін тежеле бастағаны байқалған.

Қазақстан президенті 7 қарашада Маңғыстау облысындағы кездесуде биылғы қарсылық акциялары туралы да айтты. Оның сөзінше, "еңбек даулары қатаң түрде заң шеңберінде шешілуге және оған тәуелсіз кәсіподақтар тартылуға тиіс".

"Егер елімізде күшті азаматтық қоғам қалыптасатын болса, бәріміз де ұтамыз. Адам құқығын, оның ішінде еңбек құқығын қорғау әрқашан басты назарда болуға тиіс", - деген Тоқаев "еңбек даулары көше мен алаңда емес, келіссөз столында шешілуге тиіс" деп тоқтады.

Бұған дейін Маңғыстауға былтыр қыркүйекте барған Тоқаев, кемі 298 адам өлген елдегі Қаңтар оқиғасынан кейін өңірге алғаш рет барып отыр.

Биыл жыл басында Маңғыстау облысында газдың қымбаттағанына байланысты басталған наразылық көп ұзамай елдің өзге аймақтарына жайылған. Бастапқыда ішкі экономикалық себептерге байланысты туған қарсылық акциялары біртіндеп саяси талаптарға ауысып, аяғында тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған қантөгіске әкелген Қаңтар оқиғасына ұласқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG