7 қарашада Украина қорғаныс министрі Алексей Резников Украинаның Батыс елдерінен NASAMS және Aspide ("Скайгард Аспид") әуе қорғанысы жүйесін алғанын хабарлады.
Ол жаңадан алынған әуе қорғанысы жүйесі Украина әскерін айтарлықтай күшейтіп, Украина әуе кеңістігін қауіптен көбірек қорғайтынын атап өтті. "Норвегия, Испания және АҚШ секілді серіктерімізге рақмет" деп жазды украин министрі Twitter парақшасына.
Резников Украина қанша әуе қорғанысы жүйесін алғанын және оны қашан әкелгенін нақтылаған жоқ.
Бірнеше күн бұрын Пентагон Киевке сегіз NASAMS, Испания бір "Скайгард Аспид" батареясын жөнелткенін хабарлаған.
Ресей Украинаның маңызды инфрақұрылымдарына шабуылды күшейткен соң Батыс елдері Украинаға әуе қорғанысы жүйесін беруді жылдамдата бастаған.
Мәскеу Украина инфрақұрылымдарына зымыранмен шабуылдап, оны Қырым көпіріне жасалған соққыға жауап деп атаған. Кремль Қырым көпірінде болған жарылысты теракт деп бағалап, Украинаны кінәлаған. Украина президенті Владимир Зеленский Қырым көпірініне шабуылға Украинаның қатысы жоқ деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР