Американың Maxar компаниясы спутникпен түсірген суреттер Ресей аннексиялаған Украинаның Мариуполь қаласында мола көбейгенін көрсеткен. Бұл жөнінде Би-би-си жазды.
Ресей әскері жаулап алған соң пайда болған үлкен қорымда 1500-ден астам қабір пайда болған. Би-би-си өтініші бойынша, спутник суреттерін саралаған Ақпарат тұрақтылығы орталығы осындай түйін жасаған. Сөз – тек Старый Крым ауданындағы жаппай жерлеу орны жөнінде ғана болып отыр.
Maxar компаниясы жаппай жерлеу орындарының суреттерін соңғы рет биыл маусымда жариялаған. Жаңа молалар кейінгі бірнеше айда пайда болған. Мариупольде ұрыс қимылдары кезінде өлгендерді жаппай жерлейтін қорым үшеу, олар: Старый Крым, Мангуш және Виноградныйда. Мақалада аталған куәлердің сөзіне қарағанда, Старый Крым қорымына үйінді астында қалып өлгендерді жерленгенге ұқсайды. Мариупольдегі көпқабатты үйлердің 90 пайызы, жер үйлердің 60 пайызы қираған.
- Биыл маусымда БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы Мариупольдегі соғыс қимылдары кезінде 1348 бейбіт адам, 70 бала өлгенін, бұл цифр шын мәнінде әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
- БҰҰ есебінше, Мариупольдің 350 мың тұрғыны сыртқа кеткен. Кейінгі айларда Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттіктері қаланың кей бөліктерінің ғана суреттерін жариялап келеді. Бірақ сол суреттердегі қаңыраған көшелер мен үйінділердің өзі-ақ соғысқа дейін 450 мың адам тұрған Мариупольдың бүгінгі жағдайы қандай екенін көрсетеді.
ПІКІРЛЕР