Шілдеде Өзбекстан билігі Конституциялық реформа өткізіп, Қарақалпақстан автономды республикасын референдум арқылы Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығынан айыратын өзгеріс ұсынды. Содан кейін наразылық болып, жиырмадан астам адам қаза тапқан еді.
Өзбекстан Қарақалпақстанда болған наразылық кезінде жөн-жосықсыз күш қолданған деп жазды халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы фото-видеоларды зерттеген құжатта. Бұл – оқиғадан кейін ірі құқық қорғау ұйымы жариялаған алғашқы баяндама.
Наразылардың күш көрсеткеніне дәлел барына қарамастан, екі миллионнан астам адам тұратын аймақта болған шеру негізінен бейбіт өткен дейді HRW. Бұл – биліктің "сыртқы күштер" туралы айтқан ресми мәлімдемесіне қайшы келеді.
Маусымда билік жаңа конституция жобасын жариялап, автономды республиканың референдум өткізу арқылы Өзбекстаннан бөліну мүмкіндігін алып тастауды көздеді. Содан кейін Қарақалпақстандағы жағдай ушығып, президент Шавкат Мирзияев үшін ең үлкен проблемаға айналды. Билікке келгеніне алты жыл болған ол – "Жаңа Өзбекстан" орнататынын айтып жүр.
2005 жылы Ферғанадағы Әндіжан қаласында жүздеген наразының өліміне әкелген оқиғаны есіне алған билік Қарақалпақстанға қатысты өзгерістерді алып тастады. Бұл оқиға бұрынғы президент Ислам Каримовтың авторитар билігінде қанды із қалдырған еді.
Ташкент екі жүзден астам адам жараланып, жүзден астамы қамауға алынған. Наразылықтарды тергеу үшін арнайы комиссия құрды. Негізінен шенеуніктер мүше комиссияны адам құқықтары жөніндегі уәкіл Феруза Эшматова басқарады.
Бірақ HRW комиссия мақсатына күмәнмен қарайды. "Комиссия полиция мен қауіпсіздік күштерінің әрекеттері туралы тәуелсіз қорытынды жасайды деуге болмайды" деп жазады ұйым баяндамада.
Оқиғадан кейін жобаны талқылау уақыты екі рет ұзартылып, 1 тамызда аяқталды. Бірақ референдумның қашан өтетіні әлі белгісіз.
Биліктің наразылыққа реакциясы "Өзбекстанның қаншалық өзгергенін, адам құқықтары мен заң үстемдігіне қаншалық басымдық беретінін" тексерді дейді HRW директоры Хью Уильямсон.
"Ол соншама адамның өлімі мен жаралануына себепкер болған қауіпсіздік күштері қызметкерлерін жауапқа тартудан қашпауы керек" дейді Уильямсон.
ГРАНАТА ҚОЛДАНУ
1-2 шілде күндері Қарақалпақстанда интернет шектеліп, одан кейін екі апта өшіп тұрды. Сондықтан Қарақалпақстандағы наразылық 21 адамның өліміне қалай әкелгені туралы сұрақтар әлі жауапсыз қалып отыр. Ресми дерек бойынша, қаза тапқандар арасында төрт қауіпсіздік қызметкері бар.
Билік наразыларға жауап ретінде күш қолданғанын айтқан еді. Бұл пікірді жоққа шығарған ұйым биліктің "дұрыс қолданылмаған жағдайда адам өліміне әкеліп, ауыр жарақаттауы мүмкін қару-жарақ, әртүрлі граната қолданғанын" мәлімдеген.
Баяндамада гранаталарға көп көңіл бөлінген.
Ұйым наразылардың жараланған немесе қаза тапқан көріністері бейнеленген фото-видеоларды қарастырып, он деректің жетеуінде олардың жарылыстан зардап шеккенін анықтаған.
Қарақалпақстан орталығы Нөкістен солтүстік-батысқа қарай алпыс шақырым жерде түсіріліп, Telegram-да жарияланған видеоны HRW ұйымы жедел жәрдем дәрігері Рохини Хаарға көрсеткен. Ол видеодағы зардап шеккен адамның тірі қалу мүмкіндігі төмен деп бағалаған.
"Сүйек сыртына шығып тұр, ашық жарақат, қан ағып жатыр, жұлын зақымданған және бұл көзге көрініп тұрғаны ғана" деп жауап берген Хаар зерттеушілерге.
"Видеода ол тірі. Дәрігер қан кетіп жатқан тамырларды табуға тырысып, оны бітеуге талпынып жатыр. Бірақ оның қансырап жатқанын көріп тұрмын. Оның тірі қалар-қалмасын білмеймін. Тірі қалса, жүре алмайтыны анық" дейді ол.
Адамдарға жарылғыш заттар арқылы залал келтіргеннен бөлек, баяндамада күштің қандай жағдайда көрсетілгені айтылады. Граната немесе басқа да қару қолданудың HRW қарастырған кейстерінде қауіпсіздік күштеріне елеулі қауіп төнбеген.
Нөкісте түсірілген видеолардың бірінде қауіпсіздік күштерінің өкілі оң аяғы жараланған адамды әкеле жатқан топқа граната лақтырады. Жарылыстан кейін олар жаралы адамды тастап, қаша жөнеледі.
Шілдеде Өзбекстан ішкі істер министрлігі видео жариялады. Онда тәртіпсіздік кезінде қарулы күштер қолданған қару көрсетілгені айтылған. Видеода оның соншалық қауіпті емес екені айтылады.
HRW Өзбекстан қауіпсіздік күштері Израильде өндірілген қару-жарақ қолданылғанын анықтаған. Сонымен қатар адам өмірі мен ауыр жарақатқа әкелуі мүмкін ауыр гранаталар да пайдаланылған дейді ұйым.
Болгариядағы Arsenal AD компаниясы шығаратын гранатадан кемі бір наразы қаза тапқан дейді HRW. Қарапайым құлақ тұндыратын гранатадан 5-10 есе үлкен бұл граната видеода көрсетілмеген.
Болгариядағы компания бұл жөніндегі сауалға жауап қатқан жоқ.
АЛҒА ЖЫЛЖУ МА?
Қарақалпақстан қарақалпақ ұлтының атауынан шыққан. Олардың тілі қазақ тіліне ұқсайды. Республикада оның ресми статусы бар.
Қарақалпақтар республика халқының басым бөлігін құрамайды. Бірақ наразылық басталған, 300 мың тұрғыны бар Нөкісте олардың үлесі едәуір.
Автономды республика аумағы бойынша Өзбекстанның шамамен 40 пайызын алып жатса, халқының саны бойы бар-жоғы бес-ақ пайызын құрайды.
Қарақалпақстан Cовет одағы ыдырағаннан кейінгі отыз жылдың ішінде референдум өткізіп, мемлекеттен бөлінуге мүмкіндігі болса да, оны қарастырған емес.
Негізгі кедергілердің бірі Ташкенттің әділ дауыс беруге көзқарасы дейді мамандар. Халықаралық сарапшылар Өзбекстанда ешқашан әділ және еркін сайлау өтпегенін айтады.
Конституциялық реформа өткізуге Қарақалпақстан статусын жедел қарастыру емес, Өзбекстан саяси жүйесінің сипаты себеп болғанға ұқсайды.
Маусымдағы сөзінде сенат спикерінің орынбасары Садық Сафаев жаңа конституцияны қабылдау Мирзияевтың бұрынғы мерзімдерін нөлге теңестіретінін айтқан. 2016 жылы қайтыс болғанға дейін билікте 27 жыл отырған Ислам Каримовтың билігін ұзартуда да осы тәсіл қолданылған еді.
Президенттің мерзімді бес жылдан жеті жылға ұзарту да Мирзияевқа басымдық береді.
Ташкент Қарақалпақстанға қатысты ұсыныстың қате жасалғанын мойындағандай болды.
Мирзияев аппарат басшысы Зайнилобиддин Низомиддиновты оқиғадан бірнеше күннен соң қызметінен босатып, халықпен дұрыс байланыс орнатпады деп Қарақалпақстан депутаттарына сөгіс жариялаған еді.
Бірақ биліктің осы бастамасынан наразылыққа қатысқан қарақалпақтар көбірек зардап шекті.
Адам құқығы жөніндегі уәкіл 1 қарашада түрмеден отыз бес адамның босатылғанын айтқан. Осылайша босатылғандардың саны жүзден асты. Бірақ қамауда қанша адам отырғаны белгісіз.
Арнайы комиссия бұрын қамауда болғандардың кінәсін мойындаған немесе жақындарының кездесуі бейнеленген видеолар жариялады.
Оннан астам адамға конституцияға қарсы қылмыс жасады деп айып тағылды. Олар ұзақ жылға түрмеге қамалуы мүмкін.
"[Эшматова басқаратын] комиссияның жұмысы мен қызметіне қатысты ашықтық жоқ" дейді HRW.
Ұйым комиссияның баяндама жасайтын-жасамайтыны да белгісіз дейді.
АҚШ пен Еуроодақ оқиғаны әділ тергеуге шақырды.
Ташкент алдыңғы қатарлы құқық қорғау ұйымдарымен сөйлесіп, кеңес алып отыр деді Өзбекстанның АҚШ-тағы елшісі Жавлон Вахабов "Америка дауысы" басылымына берген сұхбатта.
Ташкент наразылыққа шетелдіктердің қатысқанын айтты, бірақ ешбір ресми тұлға бұл пікірді тарқатып түсіндірген жоқ.
HRW өткен айда Қазақстанда төрт қарақалпақтың қамалғанына алаңдаушылық білдірді. Олардың екеуі Ташкенттің сұрауымен ұсталғанға ұқсайды.
Қыркүйектің ортасы мен қазанның басында ұсталған төрт белсенді Қазақстаннан пана сұраған. Астана олардың ісін қайта қарауға келіссе, Қазақстан заңы бойынша олар Өзбекстанға депортацияланбайды деді HRW.
Құқық қорғау ұйымы Қазақстаннан оларды Өзбекстанға депортацияламауды сұрап, онда белсенділердің саяси қудалауға ұшырап, азапталуы мүмкін екенін айтты.
ПІКІРЛЕР