Accessibility links

Ақтөбедегі Қаңтар оқиғасы: Адвокаттар полицияға келген шығынға күмән келтірді


Адвокат Күләш Манько Қаңтар оқиғасына байланысты 18 адамның сотында сұрақ қойып тұр. Ақтөбе, 19 қазан 2022 жыл.
Адвокат Күләш Манько Қаңтар оқиғасына байланысты 18 адамның сотында сұрақ қойып тұр. Ақтөбе, 19 қазан 2022 жыл.

9 қарашада Қаңтар оқиғасынан соң істі болған 18 ақтөбеліктің сотында адвокаттар полицияға келтірілген материалдық шығын мөлшеріне күмәнданды. Тергеу материалдарында Ақтөбе полициясы қаңтарда 32 млн теңгеден астам шығынға ұшырағаны жазылған. Демонстранттармен қақтығыстан соң полиция қызметкерлері 40 бронежилет, екі қалқан, екі резеңке таяқ пен үш каска, бір оқ өтпейтін каскаларын таппай қалған.

Материалдық шығын туралы адвокаттардың күмәніне сотқа куә ретінде шақырылған полиция департаментінің сол кездегі басшысы Қанат Әлиев те (қазір Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары) нақты жауап бере алмады. Әлиевтің айтуынша, ол бекітілген алгоритмге сай митинг кезінде алаңда болған 800-ден астам қызметкерге жетекшілік еткен.

40 бронежилеттің қаңтардағы митинг кезінде жоғалғанына адвокаттар күмәнмен қарайды. Адвокат Күләш Манько "біреу емес, екеу емес, қырық бронежилет жоқ деп полиция сотқа азаматтық шағым түсірген. Сотқа куә ретінде шақырылған полиция қызметкерлері қорғаныс құралдарынан қай жерде, қалай айырылып қалғанын түсіндіріп бере алмады" деді.

- Бұл сұрақты мен де қойдым. Егер ол бронежилетті киіп отырса, қалай жоғалтады? Мүмкін бір жерде шешіп қойып отырған болар, халық нөпірі жылжыған кезде тастап кетіп қалған шығар? Олар да адам баласы ғой, робот емес. Бір жерде қалып қойған шығар. Мен демонстранттар қызметкерлерді тоқтатып, қорғаныс құралдарын шешіп алды дей алмаймын. Өйткені көзіммен көрген жоқпын. Бәрі аяқталған соң ревизия жасағанымызда қылмыстық істе саны көрсетілген арнайы құралдардың жоқ екенін бір білдік, - деді сот алдында Қанат Әлиев.

Тергеу материалдарына қарағанда, демонстранттар әкімдік ғимаратын талқандап, өрт сөндіруші көлікті қиратып, мемлекеттік органдарға жалпы сомасы 148 млн 431 мың теңге шығын келтірген. Қаңтар оқиғасы кезінде күштік құрылымдардың 33 қызметкері жарақаттанған.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік", "Билік өкіліне күш көрсету", "Қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айып тағылған 18 ақтөбеліктің үшеуі – Ернұр Әжниязов, Нұрсұлтан Исаев пен Нұрбек Мұхит он айдан бері тергеу изоляторында отыр.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған 21 адамның қылмыстық ісі сотқа жеткен. Қазір Ақтөбе соты 18 азаматтың ісін қарап жатыр. Шілдеде сот "Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бостандығын үш жарым жылға шектеген.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаров 7 қаңтар таңсәріде демонстрантттарды күштеп тарату кезінде оққа ұшқан, ал Файзулла Нұргелдин алаңда оқ тиіп, екі айдан соң қайтыс болды. Бұған дейін Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан соң ұсталып, азапталдым деген азаматтардың арыз-шағымы қаралмай жатқаны айтылған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG