10 қарашада Оралда былтыр "экстремистік ұйымның ісіне араласты" деп сотталған азаматтық белсенді Орынбай Оқасов түрмеден шықты.
Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Оқасов бейсенбі күні таңертең сағат 10-да шығуы тиіс болған. Алайда оны түрме алдынан қарсы алуға келгендер белсендіні көре алмады. Олар белсендінің туыстарына хабарласып жатып, Оқасовты жарты сағат бұрын босатып жібергенін білді.
—Маған таңертең түрме қызметкері келіп, онға қарай жиналып, дайын отыруымды сұрады. Алайда одан соң мені асықтыра бастады. Одан соң барақта тінту жарияланды – ондай кезде барлық тұтқын заттарын жинап, камерадан шығуы тиіс. Меніңше, бұл мені асықтыру үшін әдейі жасаған тәрізді... Түрмеден шығар кезде үш қызметкер мені көлікке күштеп отырғызып, үйіме әкеліп тастады. Ол кезде таңертеңгі сағат 9 жарым болатын, – деді Оқасов Азаттыққа.
Биыл наурызда сот белсендінің бостандықты шектеу жазасын түрме жазасына ауыстырған. Оқасов түрмеде жеті ай 17 күн отырды. Жазаның күшеюіне белсендінің "рұқсат етілмеген митингіге қатысуы" түрткі болған. Іс материалдарына қарағанда, Оқасов биыл жыл басында "газ митингілеріне" қатысқан. Оқасовтың бейбіт акцияға қатысуы жазаны күшейтуге түрткі болған. Белсенді үкімді екі рет апелляцияға бергенмен апелляция алқасы үкімді өзгертпеді.
Оқасов 10 қарашада Азаттыққа берген сұхбатында түрме қызметкерлерінің өзі және өзге тұтқындар құқығын бұзғанын айтты, алайда жай-жапсарын баяндауға әзірге "дайын емес" екенін жеткізді.
Былтыр 18 қарашада сот Орынбай Оқасовты "экстремистік ұйымның ісіне араласқаны үшін" кінәлі деп танып, бір жылға бостандығын шектеген. Қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға да тыйым салған. Сотта айыптау тарабы әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларын негізгі айғақ ретінде көрсеткен. Сотта айыптау тарабы мен судья Оқасов өзінің әрекетімен "қоғамдағы наразы көңіл-күйді қалыптастырды", "жұртты саяси бағынбауға итермеледі" деді. Белсенді тағылған айыптарды мойындамады.
Былтыр шілдеде белсенді үйінің ауласында өзге белсенділермен бірге ұсталған. Олар аштық жариялап, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" қозғалыстарын бейбіт оппозициялық ұйымдар тануын сұраған. Астана соты екі ұйымды "экстремистік ұйым" танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атаған. Оқасов содан кейін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылды.