Accessibility links

Украина бас прокуроры кеңсесі: Херсон облысының азат етілген аудандарында тұрғындардың мәйіті табылды


Херсон облысындағы қираған үйлер.
Херсон облысындағы қираған үйлер.

Орыс әскерінен азат етілген Херсон облысының Берислав ауданында тұрғындардың мәйіттері табылды, деп хабарлады Украина бас прокурор кеңсесі.

Әзірге толық емес мәлімет бойынша, үш тұрғын елді мекенді оккупациялау кезінде қаза болған. Олардың денелерін құқық қорғау органдары елді мекендердің біріндегі жертөледен тапқан.

Алғашқы тексеру кезінде мәйіттердің бас сүйектері сынғаны, өзге де жарақаттары бары анықталған. Мәйіттер сараптамаға жіберілген. ДНҚ сараптамасы да жүргізілмек.

Украина бас прокуроры кеңсесінің хабарлауынша, Ресей Украинаға басып кіргелі бері 44 мыңнан астам қылмыс тіркелген. 43 мыңы заң бұзу, соғыс ережесін бұзу, әскери тұтқындармен дөрекі қарым-қатынас жасау тәрізді қылмыстарға қатысты.

Украина бас прокуроры 200-ден астам ресейлік әскери қызметкердің аты-жөнін анықтаған. Оларға Украина азаматтарына жыныстық зорлық-зомбылық көрсетті деген сырттай айып тағылған. Украина бас прокуроры кеңсесінің әскери қылмысты тергеу департаменті жетекшісі Юлия Белоусованың айтуынша, оккупацияланған аумақта балалар мен қарттарға да күш көрсетілген, украин әскери тұтқындары жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.

XS
SM
MD
LG