Украина Киевтен шығып, Ресей аннексиялаған бес қала - Симферополь, Мариуполь, Донецк және Луганск қалаларына және азат етілген Херсон қаласына баратын алғашқы жолаушылар пойызына билет сатуды бастады. "Түскен ақшаның бәрі азат етілген қалалар мен елдімекендерге қатынайтын автокөліктерге жұмсалады" деп хабарлайды "Укрзалізниця" компаниясының баспасөз қызметі.
"UNITED24 платформасымен бірге "Жеңіске жеткізер билет" деп аталатын қайырымдылық жобасын бастаймыз. Сіз бүгін-ақ аталған қалаларға билет ала аласыз" дейді хабарда.
Компания сөзіне қарағанда, сатып алған билеттерді аталған қалалар Ресейден азат етілген сәттен бастап пайдалануға болады.
"Киев - Херсон бағытындағы билетті таяу арада пайдалануға болатынын білгендіктен мұндай жобаны жүзеге асыруға крісікенімізге қуанып отырмыз!" дейді компания.
Тоғызыншы қарашада Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей әскерін Херсонды тастап, Днепр өзенінің сол жағалауына бекінуге бұйрық берген. Херсон - соғыс басталғалы Ресей басып алған жалғыз облыс орталығы. Қала наурыз айынан бері Ресей әскерінің қолында болды. 11 қарашада Украина барлауы Украина қарулы күштерінің Херсонға кіргенін растады.
30 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Ресей басып алған Украина жерлерін - Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын Ресей құрамына қабылдау туралы жарлық шығарған.
Алайда Мәскеу аталған облыстардың ешқайсына қазірге дейін толық бақылау орнатқан емес.
ПІКІРЛЕР