Accessibility links

"Жаңа сайлау, ескі тәсіл". Сарапшылар Тоқаевтың "Жаңа Қазақстанына" күмән келтірді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент отырысында. 11 қараша 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент отырысында. 11 қараша 2022 жыл.

Тоқаевтың билігі нығайған тұста өткізіп отырған сайлауы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың науқандарына ұқсап барады.

Қазақстанда президенттікке үміткер болып тіркелгендер бие сауа алатынын, атқа мініп шаба алатынын көрсетті. Бірақ бұл – сайлаудың сәйгүлігі көп жарыс екенін білдірмесе керек.

20 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауда қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бес қарсыласы бар, бірақ оның жеңіске жететініне күмән аз. Мұның алдында ол конституцияны түзетіп, президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеген.

Тоқаев қарсыластарынан қауіп көріп те отырған жоқ. Бұған дәлел ретінде оның өткен аптада болған кандидаттар теледебатына өз атынан мәжіліс спикері Ерлан Қошановты жіберуін мысал етуге болады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз өкілеттігін жалғастырып жатыр және жұмыс кестесі өте тығыз" деді Қошанов Тоқаевтың 11 қарашадағы теледебатқа не себепті қатыспағанын түсіндіріп. Пікірсайыстың өзінде қарсыластары Қошановты қинай қоймады: қазіргі президенттің саясатын сынамады.

Президенттің сайлауалды науқанын аймақтарды аралауымен қабыстыруы, бәсекенің әлсіздігі және сайлауда кімнің жеңіске жететіні көпшілікке аян болуы бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың науқандарын еске салып отыр.

№151 сайлау учаскесіндегі дауыс санау. Алматы облысы, Іле ауданы. 9 маусым 2019 жыл
№151 сайлау учаскесіндегі дауыс санау. Алматы облысы, Іле ауданы. 9 маусым 2019 жыл

Бірақ жыл басында қанды наразылықты басынан өткерген Тоқаев өткен шақтың кемшіліктерін ашық сынға алып, жаңа мемлекет құратынын айтып жүр.

"Тоқаевтың "жаңа Қазақстанында" сайлаудың ескі тәсілмен өтуі өзін реформатор етіп көрсеткісі келетін президент үшін жақсы емес" дейді Қазақстаннан хабар тарататын журналист, "Қара көлеңке: Қазақстанның құпия әлемінің ішінде" деген кітаптың авторы Джоанна Лиллис.

"Бұл оның демократиялану жолына түскенін дәлелдеуге жақсы мүмкіндік еді, бірақ ол Назарбаев кезіндегідей сайлауды уысында ұстауды" деді Лиллис Азаттыққа.

Қаңтар оқиғасы кезінде өртке оранған Алматы әкімдігі. 5 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде өртке оранған Алматы әкімдігі. 5 қаңтар 2022 жыл.

"ҮРЕЙ ТУДЫРУ ЖАҚСЫ МОТИВАЦИЯ ЕМЕС"

Қыркүйекте кезектен тыс сайлау өтетінін жариялағанда Тоқаевтың пайдасына жарар себеп көп еді.

Біріншіден, Қаңтар оқиғасынан кейін елде билікте саяси өзгерістер болды. Оған дейін Тоқаев Назарбаевтың ықпалынан шыға алмаған, көптеген шектеулерге душар болған президент ретінде саналған. Бірақ 238 адамның қазасына әкелген оқиғадан соң Назарбаев пен оның туыстары ықпалды қызметтерден кетті, ал немере інісі ақша жымқырды деген айыппен алты жылға сотталды.

Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев реформа жүргізіп, "олигархия капитализмінің" көзін жоюға, ескі шақпен байланыс үзуге уәде берген.

Маусым айында өткен референдум Назарбаевтың біршама құзыретінен айырып, атқарушы биліктің рөлін өзгертті. Жаңа мандатқа деген мұқтаждық айқын еді.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаевпен Наурыз мерекесінде. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаевпен Наурыз мерекесінде. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.

Содан кейін Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталды.

Себепсіз соғыс пен Қазақстанның ең жақын сауда серіктесіне қарсы Батыс санкциялары Қаңтарға себепші болған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ушықтырды.

Ол аз болса, Ресейде Кремльге жақын саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері соғыс кезінде бейтараптық танытқан Астананы сынға алды, кейбірі тіпті Украинадағыдай соғыстың қаупін төндірді.

Биыл Қазақстанның мұнайын Ресей порты арқылы Еуропаға жеткізетін негізгі құбырлардың бірі қайта-қайта істен шыға берді. Ресей билігі мұның себебін техникалық ақаулар мен қоршаған ортаға төнетін қауіптен көрген.

Осы секілді сыртқы қысымдар кезінде "билік алдағы бір-екі жылда не боларын болжай алмай қысылып отыр" дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа. Оның сөзінше, қазір елге ең үлкен қауіп төндіріп отырғаны – инфляцияның үдеуі.

Осы аталған факторлардың бәрі кезектен тыс сайлауды негіздегенімен, "үрей тудыру жақсы мотивация емес" дейді Сәтпаев Тоқаевтың шынайы өзгеріске баруға дайын екеніне күмән келтіріп.

"ХАЛЫҚ ШАРШАДЫ"

Биліктің жүйкесі жұқарып отырғанын сайлауға түскен кандидаттардан-ақ көрініп тұр. Бәсекеге Тоқаевтан бөлек үш ер, екі әйел түсіп отыр. Ешқайсысы оппозицияда көзге түспеген, барлығы бес жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі керек деген талапқа сай келген.

Осы себепті бәсеке 2019 жылғыдан да әлсіз болып тұр. Үш жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кететінін айтып, сенімді адамы деген Тоқаевты президенттікке ұсынған. Ол кезде билік күтпеген қадамға барып, кандидат ретінде үкіметке қарсы тұруда тәжірибесі бар, кезінде үкіметте жұмыс істеп, кейін биліктің сыншысына айналған Әміржан Қосановты тіркеген.

Бірақ бұл қадам қолдан жасалған транзитке легитимдік берудің орнына кері әсер тудырды.

Қосанов науқанын селқос жүргізіп, билікпен келісімге келді деп ел ішінде айыпталды. Сайлаудан кейін ол жеңілгенін бірден мойындап қойды, бірақ тәуелсіз байқаушылар барған сайлау учаскелеріндегі құқықбұзушылықтардан кейін келесі күні үлкен наразылық болып, ол полицияның жаппай ұстауымен аяқталды.

Полиция сайлаудан кейінгі наразылыққа шыққандарды ұстап жатыр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Полиция сайлаудан кейінгі наразылыққа шыққандарды ұстап жатыр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

Бұл наразылыққа Қосанов қатыспады. Кейін ол мұндай шешімге қанды қақтығыстың алдын алу үшін барғанын айтты. Оның сөзінше, егер ол сайлау нәтижесімен келіспесе, қақтығыстың қаупі жоғары болған.

"Халық әбден шаршады. Ақша жеткізу барған сайын қиындап кетті" деп жазды Қосанов Nege.kz сайтында жарияланған мақаласында. Осы мақалада ол "Тоқаев жақсы бастамалар көтергенімен, тапсырмалары орындалып жатқан жоқ" деп оған қолдау білдіргендей болды.

БИЕ САУУ

Тоқаевтың номиналды қарсыластары сайлау науқанында түрлі қырынан көзге түсіп әлек.

Прокуратурада жұмыс істеген Салтанат Тұрсынбекова қараусыз қалған жануарлар орталығында жүріп жануар құқығын қорғауға шақырды. Мемлекетшіл БАҚ оны тұрмыстағы зомбылыққа қарсы күрескер деп сипаттады. Осылай елге танылған кандидат сайлауалды науқанының басында Тоқаевты гендерлік саясаты үшін мақтаған.

Тіркелген кандидаттар ішіндегі екінші әйел – "Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет" кітабының авторы Қарақат Әбден. Мемлекеттік медиа 30 қазан күні Қарақат Әбденнің биі сауып отырғанын, ауыл өмірінен хабардар екендігін көрсетті.

Сол күні билікке жақын "Ауыл" партиясынан түскен кандидат Жигули Дайрабаевтың жылқыны тағалағаны жайлы видео тарады.

Кандидаттардың ішінде тек біреуі ғана өзін нағыз оппозиционер санайды. Ол кандидаттың аты-жөні – Нұрлан Әуесбаев. Бірақ Әуесбаевтың жемқорлық пен олигархияны жалпылай сынауы Тоқаевтың сөздерімен үйлесіп-ақ тұр.

Ал Тоқаевтың өзі сайлауалды науқанында "әділетті Қазақстан" орнататынын айтып жүр. Ол бұған халықты бірінші орынға қоятын саясат арқылы жететінін мәлімдеді.

Бірақ журналист Джоанна Лиллис бұл сайлаудың шынайы өзгерістен гөрі "элита саясатына" көбірек бағытталғанын айтады.

"Назарбаевтың режимі бүлінсе, билігі мен активі тұрғысынан жоғалтары көп ықпалдылар баршылық" дейді ол. "Қайта сайлау Тоқаевтың билігін нығайтып, реваншистік күштерге "ойын аяқталды, билік менің қолымда" деген белгі беруге көмектеспек".

20 қарашадағы сайлаудың қарсаңында кемі алты азаматтық белсенді ұсталып алынып, 15 күнге дейін қамалды. Мұның сайлау күнінде наразылықты болдырмау әрекетіне ұқсайды.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы алаңында тұрған әскер. 6 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы алаңында тұрған әскер. 6 қаңтар 2022 жыл.

Ұсталғандардың бірі Әсет Әбішев. Оның Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, азапталуы халықаралық басылымдардың назарын аударған.

16 қараша күні Алматыға сапарында Тоқаев биліктің "антына адал болған құқық қорғау және күштік құрылымдардың қызметкерлерін" мадақтап, бейбіт жиынды басқа бағытқа бұрып әкетіп "арандатқан қарақшыларды" айыптай сөйледі.

Дипломат ретінде қалыптасып, "ескертусіз оқ атуға" бұйырған Тоқаев "қоғамға іріткі салуды көздейтіндер бар" деу арқылы алда наразылыққа шығатындарға ескерту жасағандай болды.

Заманбек Нұрқаділов Орталық сайлау комиссиясының төрағалығын неге сұрады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG