Accessibility links

Қырғызстанда оппозиция белсендісінің өліміне қатысы бар деп айыпталған адам 14 жылға сотталды


Санжар Сапарбеков.
Санжар Сапарбеков.

Қырғызстан президенті әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі, оппозиция белсендісі Медет Садырқұловқа жасалған қастандыққа қатысы бар деп айыпталған Санжар Сапарбековті сот 14 жылға бас бостандығынан айырды. Осыдан шамамен 13 жыл бұрын болған қырғыз қоғамын түршіктірген оқиғаға қатысты сот үкімі 18 қарашада Қырғызстанның солтүстігіндегі Шу облысындағы аудандық сотта оқылды. Сот Сапарбековті "адам өлтіру", "адам ұрлау" және "жеке меншік мүлік құқығын бұзу" және өзге баптар бойынша кінәлі таныды.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің жазуынша, Сапарбеков - Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиевтің бала кезден бергі досы. Ол былтыр қарашада қамауға алынған. Сот процесі ақпан айында басталды.

Медет Садырқұлов, халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының бұрынғы директоры Сергей Слепченко және жүргізуші Кубат Сүлейменов 2009 жылы 14 наурызда қастандықпен өлтірілген.

Сот материалдарына қарағанда, 14 наурызға қараған түні олар Алматыдан қайтып келе жатқан. "Ақ жол" өткізу бекетінен өткеннен кейін олар мінген "Лексус" көлігін милиция формасын киген адамдар тоқтатқан. Оларды Бішкек маңына апарып, ұрып-соғып, сол кездегі президент істері жөніндегі басқарма жетекшісі Құрманбек Темірбаевтың саяжайында өлтірген деп айтылады.

Соттың тұжырымдауынша, бұрынғы кәсіби кикбоксер Сапарбеков Садырқұловты ұрып, тұншықтырған. Кейін оны жол апатынан өлгендей қылып көрсетуге тырысқан.

Сапарбеков сотта тағылған айыптарды жоққа шығарып, өзінің қастандыққа қатысы дәлелденбегенін айтты.

2009 жылы "Лексус" көлігін тоқтатқан "Ауди" көлігінің жүргізушісі Өмірбек Осмонов бұрын сотталған, 2010 жылы оны түрмеде өлтіріп кеткен.

2010 жылы Сәуір оқиғасынан кейін іс қайта тергеуге жіберіліп, қылмысты ұйымдастырушы әрі қатысушы ретінде Құрманбек Бакиевтің інісі, мемлекеттік күзет қызметінің жетекшісі Жаныш Бакиев аталды.

2011 жылы аталған іс бойынша мемлекеттік күзет қызметі мен милиция, шекара қызметінің 17 жоғары лауазымды шенеунігі жауапқа тартылған. Алтауы шетелге қашып кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG