"Ашық қоғам" институты 20 қарашадағы президент сайлауының экзит-полл нәтижесін шығарды. Институт мәліметінше, Тоқаев 82,45 пайыз дауыс алған. Ал сайлауға келгендердің 5,2 пайызы "бәріне қарсымын" графасы таңдаған.
- Қасым-Жомарт Тоқаев – 82,45%
- "Бәріне қарсымын" графасы – 5,2%
- Жигули Дайрабаев – 3,33%
- Қарақат Әбден – 2,54%
- Мейрам Қажыкен – 2,23%
- Нұрлан Әуесбаев – 2,17%
- Салтанат Тұрсынбекова – 2,08%
Ал "ТК Астана" тапсырысы бойынша "Аманат" партиясының институты жүргізген экзит-полл нәтижесінде Тоқаев 85,52 пайыз алған.
- Қасым-Жомарт Тоқаев – 85,52%
- "Бәріне қарсымын" графасы – 3,40%
- Жигули Дайрабаев – 2,67%
- Қарақат Әбден – 2,61%
- Мейрам Қажыкен – 2,43%
- Нұрлан Әуесбаев – 1,93%
- Салтанат Тұрсынбекова – 1,44%
ОСК алдын ала мәліметінше сайлауға дауыс беруге құқылы азаматтардың 68,7% келген.
Кезектен тыс сайлауға алты кандидат - қазір билікте отырған 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев пен көпшілік онша танымайтын бес адам түсті. Кей сарапшылар мен халықаралық талдаушылар Ақорданың берген уәдесіне қарамастан, сайлау шынайы саяси бәсекесіз өтіп жатыр деп есептейді.
Тәуелсіз сарапшылар мен халықаралық талдаушылар бұл жолы сайлау бюллетеніне енгізілген алты адамның біреуінен басқасын қазір билікте отырған президентке "формалды бәсекелес" деп санайды.
Сайлау күні тәуелсіз бақылаушылар жұмыстарына кедергі болғанын, комиссия мүшелері жүріп-тұруға кедергі жасағанын, сайлаушыға учаскелік сайлау комиссиясы мүшесінің қолы қойылмаған бюллетень берілгенін айтты. Дауыс беру күні тілшілер де жұмыстарына кедергі жасалғанын хабарлады. Тоқаев дауыс беруге барған учаскеге Азаттық тілшілері және бірнеше басылымның журналисі кіре алмай қалды.
Сондай-ақ дауыс беру күні полиция Алматы мен Астанада сайлауға қарсы шыққан Qyan,Qazaqstan және "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топтың белсенділерін ұстады.
Сайлау қарсаңында елде ондаған азаматтық белсенді ұсталды. Олардың басым бөлігін бұған дейін, осыдан бірнеше апта, тіпті бірер ай бұрын биліктің келісімінсіз наразылық акцияларын өткізгені үшін жауапқа тартып, әкімшілік қамауға алды.
17 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті "сайлау күні жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған" деген күдікпен жеті адам ұсталғанын мәлімдеді. ҰҚК оларды шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовқа "көңілі ауған" деп сипаттады. Комитет ұсталған адамдардың "қаруланып, мемлекеттік органдарға шабуыл жасамақ болғаны" туралы видео таратты. Ұсталған адамдардың туыстары бұл айыптауды жоққа шығарды. Ал шетелде тұрып жатқан Әблязов ҰҚК видеосын "нашар қойылым" деп атап, билік сайлау күні бейбіт қарсылық акциясын өткізуді көздеген оппозициялық белсенділерді қаралауға талпынып жатыр деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР