Ұлттық қауіпсіздік комитеті "сайлау күні жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, билікті басып алуды жоспарлады" деген жеті адамның екеуі - Айдос Илипбаев пен Ақылжан Қисымбаев сот шешімімен екі айға қамалды. Бұл туралы олардың адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
Адвокат бүгін, 22 қарашада ҰҚК-нің тергеу изоляторында қамауда отырған екі азаматпен кездесіп шыққан. Екеуі де өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.
- Екі азамат өзіне тағылған айыпты үзілді-кесілді мойындамайды, олар тіпті тағылған айыптарды түсінбей, өздерін көпшілік алдында қаралады деп отыр. Мен де оларға тағылған айыптарға сенбеймін. Бұл – таза арандату, бұл – менің жеке пікірім. Бүкіл әлемге біздің елде жағдай тұрақсыз екенін көрсетуге ұмтылудың амалы. Көздегені Әблязов мырза болуы да мүмкін. Ол ақпарат құралдарына "конституциялық құрылымды бейбіт жолмен өзгерту" туралы ойын айтқан соң оны орындамақ болған адамдарды тауып, Әблязовке деген сенімді жоюды көздеген болуы мүмкін, - деді адвокат.
42 жастағы Айдос Илипбаев Алматы облысы Тескенсу ауылында тұрады. Жақындарының сөзінше, құрылыста жұмыс істейтін азамат жергілікті билікке ара-тұра талабын айтып, белсенділікпен көзге түскен.
Айдос Илипбаевтың ағасы Алмас Илипбаев "17 қарашада үйіне маска киген жиырмадай арнайы жасақ келіп, қылмыскерді ұстағандай алып кетті" дейді.
Алмас Илипбаевтың сөзінше, органдар үйден "асхана пышағын, тирдің мылтығын, кептер мен тышқан ататын мылтықты" айғақ ретінде әкеткен.
Ал Ақылжан Қисымбаев – Қаңтар оқиғасында оқ тиіп, ауруханадан изоляторға қамалғандардың бірі. Ол қамауда азапталдым деп, өзге де азаптауға ұшыраған азаматтармен бірге қалалық прокуратураға келіп, шағымын түсіріп, азаптау істерінің дұрыс жүргізілмей жатқанын айтып келген.
Адвокаттың сөзінше, екі азаматқа Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1-тармағы ("Күш қолданумен, қиратумен, жарылғыш заттарды не жарылыс құрылғыларын қолданумен, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiк ұйымдастыру") бойынша айып тағылған. Қорғаушы қамауға алынған азаматтарға "қару сақтау", "экстремистік топ құру" айыптар да қосылуы мүмкін дейді.
ҰҚК ұстаған өзге бес адамның екеуі қолхатпен босап шыққаны хабарланды, бірақ олар сұхбат бере алмайтынын айтады. Қалғандарына қатысты сот алда болуы тиіс.
17 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті сайлау күні билікті басып алмақ болды деп 7 адамды ұстағанын мәлімдеген. Ұсталғандарды шетелде тұратын банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа "көңілі ауғандар, тыйым салынған ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдаушылар, криминалдар" деп сипаттаған. Өзге ақпаратты қылмыстық кодекске сілтеп, құпия қалдырған. Әблязов мұны "биліктің қорқынышы" деп атаған. Ұсталғандардың туыстары бұл айыптауға сенбей, оларды босатуды талап еткен.
Қазақстан билігі экстремистік деп таныған ҚДТ мен "Көше партиясын" Еуропарламент қарарында "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.
ПІКІРЛЕР