Украина билігі 23 қарашаға қараған түні Запорожье облысы Вольнянск қаласындағы жергілікті аурухананың перзентхана бөлімі атқылауға ұшырағанын хабарлады. Бір нәресте өлген. Запорожье облысы әкімшілігінің жетекшісі Александр Старух Телеграм-арнасында оқиға орнынан түсірілген суреттерді жариялады.
"Жүрегіміз қан жылап тұр – дүние есігін жаңа ашқан нәресте өлтірілді" деп жазды аймақ басшысы.
Украина төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметтің хабарлауынша, атқылау кезінде бөлімде бір әйел мен оның дүниеге жаңадан келген сәбиі және дәрігер болған. Дәрігер мен әйелді құтқарушылар үйінді астынан құтқарып алған.
Оқиға орнында жұмыстар жалғасып жатыр.
Вольнянск орталық аудандық ауруханасы Запорожье қаласының солтүстік-шығысынан 30 шақырым жердегі Украина бақылауындағы Вольнянск қаласында орналасқан.
Кейінгі аптада Вольнянск қаласы кемінде екі рет атқылауға ұшыраған. Соңғы мәлімет бойынша, он адам опат болған, үшеуі – бала. 19 қарашада Запорожье облысының билігі Ресей әскері Запорожье қаласын түнде атқылағаннан кейін 123 көппәтерлі тұрғын үйдің жылусыз қалғанын, бір тұрғын қаза болғанын айтқан.
ПІКІРЛЕР