Accessibility links

Қырғыз журналисі Болат Теміров президент пен ҰҚМК төрағасын сотқа беретінін мәлімдеді


Болат Теміров.
Болат Теміров.

"Temirov LIVE" жобасының негізін қалаушы журналист Болат Теміров Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиевті сотқа беретінін мәлімдеді.

YouTube-арнада жарияланған видеода Теміров мемлекет басшысы мен ҰҚМК төрағасынан "журналист жалған құжат жасады" деген айыптауын жоққа шығаруды талап ететінін айтты.

Биыл қыркүйекте Бішкектің Свердлов ауданының соты Теміровті "Есірткі сақтады, пайдаланды", "Жалған құжат жасады, шекараны заңсыз кесіп өтті" деген баптар бойынша ақтады, бірақ жалған құжат пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныған.

"Мерзімі ескіргендіктен сот ешқандай жаза белгілемеді. Мен түрмеде емеспін, бірақ мені сотталғанға жатқызып, паспорттарымның күшін жойды. Көңілім толмайды, өйткені кінәлі емеспін. Мен жалған құжат пайдаланбадым, Қырғызстан азаматы паспортын заңды түрде алдым. Сол себепті адвокатпен бірге 26 қазанда апелляциялық шағым түсірдік. Прокуратура да сол күні апелляция берді. Құзырлы орган мені есірткі пайдаланды, сақтады, шекараны заңсыз кесіп өтті деп есептейді. Бірақ прокуратура соттың жалған құжатқа қатысты шешіміне арызданбады. Сот шешті, прокуратура келісті", - дейді Теміров.

Мұның алдында президент Садыр Жапаров пен ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиев сұхбатында "Теміров біреудің әскери билетін ұрлап алып, оған өзінің суретін жапсырып, аты-жөнін өзгертіп, осы құжатпен Қырғызстан паспортын алған" деп мәлімдеген.

"Садыр Жапаров пен Қамшыбек Тәшиевтің сөздері өтірік, жала жабу. Олардан осы айтқандарын жоққа шығаруды талап ету - заңды құқығым. Біз арызданғанбыз, бірақ оны қабылдамады. Бірақ біз қайта-қайта арыздана береміз. Біз моральдық өтемақы сұрамаймыз, айтқандары өтірік екенін мойындағанын ғана қалаймыз", - дейді журналист.

Биыл қаңтардың аяғында "Temirov LIVE" жобасының негізін қалаушы Болат Теміровтің үстінен есірткі сақтады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Оның алдында журналистің YouTube-арнасында мазут экспортына қатысты зерттеуі жарияланған. Онда күмәнді схемаға ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің туыстарының қатысы бары айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG