Қазақстан сенатының депутаты, сенаттың халықаралық қатынас, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Мұхтар Құл-Мұхаммед ресейлік пропагандист Владимир Соловьевтің бағдарламасы туралы айтты. Бұған дейін әлеуметтік желіде аталған бағдарламадан үзінді жарияланып, онда "сарапшылар" "Украинадан кейінгі мәселе - Қазақстан", "ол жақта да Украинадағыдай нацистік процестер өрістеуі мүмкін" деп мәлімдеген еді.
"Соловьевке көптеген ел тыйым салған және қазір ол санциялық қара тізімде көш бастап тұр. Ол зілденіп бәріне кәрін төгіп, уын шашыратады" деді Құл-Мұхаммед 23 қарашада YouTube'те жарияланған видеода.
Депутаттың айтуынша, бұрын Соловьев Ресейдің мемлекеттік "Россия 1" эфирінде Алматыда "америкалық биозертхана орналасқанын" алға тартып, қалаға соққы жасауға үндеген. Құл-Мұхаммедтің айтуынша, Соловьевтің өзі даулы мәлімдеме жасап, бағдарлама қонақтарын да соған итермелейді.
Құл-Мұхаммед Соловьев бағдарламасына шақырылған кремшліл сарапшы Дмитрий Дробницкийге жеке тоқталады. Соловьев бағдарламасы кезінде "Украинадан кейінгі мәселе - Қазақстан", "ол жақта да Украинадағыдай нацистік процестер өрістеуі мүмкін" деген тұжырымды осы Дробницкий айтқан. Сенат мүшесінің пікірінше, бұл Қазақстанға тіке бағытталған "қоқан-лоқы".
"Егер бұл достас Ресейдегі мемлекеттік арна эфирінде айтылмаса, арзанқол, фантаст-сарапшы Дробницкийдің пікіріне назар аудармауға да болар еді. Себебі ресейлік саясаткерлердің мақсатты түрде бағытталған жаулық әрекеттері Соловьев шоуында бұрыннан бері жүйелі түрде айтылып келеді. Сондықтан Ресей федералдық билігі бұған реакция білдіруі тиіс. Қазақстан 30 жылдан бері тәуелсіз мемлекет. Соловьев пен өзге де саясаттанушы-сымақтарға қарапайым шындықты ұғып, геосаяси ақиқатпен санасатын кез жетті" деді Құл-Мұхаммед.
Бір күн бұрын Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко журналистерге берген сұхбатында "ешқашан нацистік процеске кезікпегенін, себебі ондай нәрсе елде мүлде жоғын" мәлімдеген. Ол "бұл Ресей билігінің ресми ұстанымы емес" екенін айтып, дегенмен мемлекеттік арнада айтылғаннан кейін оған Ресей билігі реакция білдіргені жөн деген.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сәрсенбі күні Соловьев бағдарламасында айтылған жайттар Кремльдің позициясы емес екенін айтқан.
БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптап, Мәскеуден әскерін Украинадан алып кетуді талап еткен. Биыл ақпанда Ресей Украинаға басып кірген кезде Кремль "денацификация" туралы да айтқан еді. Ресей билігі Украинаны "неонацистер тобы" басқарады деп мәлімдеген. Ал халықаралық қауымдастық билікке сайлау арқылы келген украин президенті мен үкіметінің легитимдигін мойындайды.
Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық айыптамаған я қолдамаған. Бірақ билік Ресейдің басқыншылығын айыптайтын бейбіт митингіге рұқсат берген еді. Бұған қоса Қазақстанда азаматтар Украинаға бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберген. Ал Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Путиннің көзінше Қазақстан Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарының "тәуелсіздігін мойындамайтынын" ашық айтқан еді.