Accessibility links

"Негізгі заңсыздық дауыс санау кезінде болды". Тәуелсіз бақылаушылар сайлауды қорытындылады


Тәуелсіз бақылаушылардың баспасөз жиыны. Алматы, 24 қараша 2022
Тәуелсіз бақылаушылардың баспасөз жиыны. Алматы, 24 қараша 2022

«Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің өкілдері 23 қарашада Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, сайлау кезінде көзге түскен заңсыздықтар туралы баяндады. Олардың айтуынша, негізгі заңсыздық дауыстарды санау кезінде орын алған.

Тәуелсіз бақылаушылар ұйымының жетекшісі Арайлым Назарова сайлау кезінде орын алған заңсыздықтар бойынша 11 істі сотқа дайындап жатқанын айтты. Көбі "хаттаманы бермеу" ісімен байланысты. Заң бойынша, сайлау комиссиясы хаттаманы тәуелсіз бақылаушыларға да беруі тиіс.

Негізінен Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы сайлау учаскелерінде бақылау жүргізгендерін айтқан ұйым жетекшісінің сөзінше бақылаушылар ыңғайсыз, дауыс жәшігінен тым алыс жерде отырып қалған. Бұл талапқа бағынбағандарды учаскеден шығарып жіберген. Сонымен бірге дауыс санаған кезде бюллетендерді бақылаушыларға көрсетпей, денелерімен көлегейлеп тұрған.

– Тәуелсіз бақылаушылар ұйымының есебімен Алматы қаласы бойынша сайлаушылардың 18 пайыз ғана сайлауға келді. Ал қолымызға түскен хаттамада 27 пайызды көрсетіп отыр. Қолымыздағы хаттама бойынша Қарақат Әбден 2,41 пайыз, Нұрлан Әуесбаев 2,75 пайыз, Жигули Дайрабаев 3,69 пайыз, Мейрам Қажыкен 1,2 пайыз, Тоқаев 69,53 пайыз, Салтанат Тұрсынбекова 2, 19 пайыз, бәріне қарсымыз дегендер 9,32 пайыз, бүлдірілген бюллетендер саны 8,85 пайыз. Көріп отырғандарыңыздай "барлығына қарсы" мен бүлдірілген бюллетендер санын қосқанда 18 пайыз. Тоқаевтан басқа бес кандидаттың бірігіп жинаған дауысынан да көп, - дейді Арайлым Назарова.

Президентті сайлау кезінде «тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігі 98 бақылаушы дайындаған. Оның 87-сі сайлау учаскесіне кірген. Алматыда 60 сайлау учаскесін қамтамасыз еткен.

Биылға кезектен тыс өткен президент сайлауына мемлекет қазынасына 20 миллиард теңге бөлінді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметіне қарағанда, Қазақстандағы 11 миллион 953 мың 463 сайлаушының 8 миллион 300 мыңы немесе 69,4 пайызы дауыс беруге келген. Сайлауды Қазақстан президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенімді өкілі, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 641 өкілі, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса, қоғамдық бірлестіктердің 30 мыңнан аса байқаушылары бақылаған.

ОСК мәліметінше, сайлауда президент Қасым-Жомарт Тоқаев 81,3 пайыз дауыс жинаған.

Халықаралық ұйымдар атап айтқанда, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) мәлімдеме жариялап, "Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті", "сайлау күні бейбіт митинг өткізу және пікір айту еркіндігі тағы шектелді" деп сынаған. АҚШ пен Еуроодақ ЕҚЫҰ бақылаушыларының пікірімен келісетінін мәлімдеген. Қазақстан билігі бұл сынмен келіспейтіндігін мәлімдеп, ЕҚЫҰ құжатын "объективті емес" деп санайтынын айтқан.

Сайлау күні тәуелсіз бақылаушылар учаскелерде түрлі заңсыздықтар болғанын (бақылаушыны учаскеге кіргізбеу, учаскеде жүруіне, сурет-видео түсіруге тыйым салу және тағы басқа) айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG