Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері 21,3 пайыз қымбаттаған. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 20,8 пайыз өскен.
Қатты қымбаттаған азық-түлік өнімдері арасында бірінші орында қант тұр. Бюроның мәліметінше, қаңтардан бері қант бағасы 72,9 пайыз өскен. Одан кейінгі орындарда түтік кеспе (жыл басынан бері +33,5 пайыз), күріш (+30,7 пайыз), бидай ұны (+26,5 пайыз), қарақұмық (+26,2 пайыз), бас пияз (+24,6 пайыз) тұр.
Қазақстанда кейінгі кездері қымбатшылық дендеді. Бұл әсіресе азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға қатысты. Ұлттық банк мәліметінше, қазан айында Қазақстанда жылдық инфляция көрсеткіші 18,8 пайызға жеткен. Бір жылда тамақ өнімдері 23,1 пайыз қымбаттаған.
Инфляция мәселесі кейінгі айларда үкімет отырысында бірнеше рет көтерілді. Бұған дейін премьер-министр Әлихан Смайылов азық-түлік инфляциясының 20,5 пайызға жетуін сынап, "мемлекеттік органдардың азық-түлік бағасын тұрақтандыру міндетін орындауына қатысты сұрақтар бар" деп мәлімдеген.
Оның сөзінше, "бағаны қалыптастыру тізбегін зерттеу жөніндегі аймақ комиссиялары әлі күнге дейін ойдағыдай нәтижеге жете алмай отыр және көкөніс қоймалары бойынша мәлімет қоры жаңартылмай жатыр". Премьер сол кезде мұны "әкімдіктердің жұмысын нашар атқаруының нәтижесі мен ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктері арасында үйлестіру жұмыстарының жеткіліксіздігімен" байланыстырған.