Accessibility links

Полиция Астанада бір топ адамды ұстау себебін түсіндірді


26 қараша кешке Астанадағы бұрынғы "МЕГА" орналасқан ауданға жиналған топ. 2022 жыл.
26 қараша кешке Астанадағы бұрынғы "МЕГА" орналасқан ауданға жиналған топ. 2022 жыл.

Ішкі істер министрлігі 26 қарашада кешке Астанада полицияның бір топ адамды ұстау себебін түсіндірді. Ведомствоның хабарлауынша, сенбі күнгі "заңсыз шеруге" 300 шақты адам қатысқан, олар "полицияға қарсылық көрсеткен".

Министрліктің жазуынша, сенбі күні кешке қалада "түнгі клубтардың бірінде жастарға арналған мәдени-қоғамдық шара ұйымдастырылған". Шара барысында ұйымдастырушы кәсіпкер "жиналғандарға жалған ақпарат таратып, бейбіт жиын өткізу тәртібін бұза отырып", "заңсыз шеруге шақырған". Соның салдарынан "қоғам тәртібі бұзылып, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның толық жұмыс істеуіне кедергі келтірілген".

"Полицияның заңсыз акцияны тоқтату туралы талаптарына қатысушылар құлақ аспады. Дауыс үдеткіш қолданған ұйымдастырушының арандатуына еріп тәртіпті бұза берді" деп жазылған ІІМ министрлігі хабарламасында. Ведомство өкілдері полицияның "құқыққа қайшы әрекетті тоқтату үшін" адамдарды ұстағанын жазды.

"Онда да заңсыз шеруге қатысушылар қызметкерлерге қарсылық көрсетті" деді ІІМ өкілдері.

Ведомство хабарлауынша, кінәлілердің аты-жөні анықталып, полицияға жеткізілген. Хабарламада олардың әрекетіне "құқықтық баға берілетіні" жазылған.

26 қараша кешке Астанада бұрынғы "МЕГА" орналасқан ауданда бір топ адамды полицияның ұстағаны белгілі болған. Нақты қанша адамның ұсталғаны белгісіз.

"Власть" басылымы ұсталғандар TDFA жобасының (ауыл шаруашылығы саласындағы жоба) жақтастары болуы мүмкін деп жазды. Бұл жобаның негізін қалаушы кәсіпкер Марат Әбиев деп айтылады. Жергілікті Телеграм-арналарының хабарлауынша, олар бейбіт митинг өткізбек болған, алайда полиция жолын кескен.

Ұстаулар жүріп жатқан шақта қалада интернет өшірілді. Мемлекеттік техника қызметі сенбі күні түнде Астана мен Ақмола облысында “интернет-шлюздегі электр жабдықтау құрылғысында апат болып” “телекоммуникация жабдығы істемей қалғанын” хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG