Alibaba негізін қалаушы Джек Ма Қытайдан кетті және соңғы жарты жылдан бері Токиода тұрып жатыр. Дереккөзге сүйенген Financial Times осылай деп хабарлады.
Басылым дереккөзінің жазуынша, Токио орталығында отбасымен бірге тұратын Джек Маның қоғамдық қызметке араласуы сиреген. Дереккөз миллиардердің қазір немен айналысатыны жөнінде түрлі мәлімет келтіреді. Кейбірі оның Alibaba айналысатын электронды саудадан бөлек салаға қызығушылық танытып отырғанын айтады. Кейбірі коллекциялаумен айналысып, акварельмен сурет сала бастағанын жазды.
Қытай билігі технология компанияларына қысым жасап жатқан тұста Ма елінен кеткен. Кәсіпкер 2020 жылы Шанхайдағы конференцияда Қытай үкіметі шенеуніктерін сынап, "шалдар ойлап тапқан" реттеу шаралары заманмен үйлеспейтінін алға тартып, оларды "былық жасап жатыр", "банктердің мүддесін қорғады" деп сынаған.
2021 жылы сәуірде Қытай нарығын реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасы Alibaba Group Holding Limited компаниясына "монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін" 18,2 миллиард юань (2,8 миллиард доллар) көлемінде айыппұл салды. Осынша көп айыппұл Қытайда бұрын-соңды ешбір компанияға салынбаған.
Реттеуші орган Еуропа нарығында AliExpress интернет-дүкені деген атпен танымал компанияны саудагерлерді бір платформада жұмыс істеуге мәжбүрледі деп айыптады.