Accessibility links

СІМ Кремль ұсынған "газ одағын құру" идеясын Қазақстан "мұқият зерттейді" деді


Қазақстан сыртқы істер министрілігі ғимараты.
Қазақстан сыртқы істер министрілігі ғимараты.

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 30 қарашада журналистерге "газ одағы" бойынша түпкілікті шешім қабылданбанғанын мәлімдеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің 28 қарашада Мәскеудегі келіссөзінде "Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмыстарын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін "газ одағын" құру мәселесін қарастырғаны белгілі болған еді. Бұл қоғамда қызу талқыланған.

Сәрсенбі күні журналистер сұрақтарына жауап берген сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко президент Тоқаевтың Кремль ұсынған "үштік газ одағын құру" идеясын "мұқият зерттейтінін" атап өтті.

"Мемлекет басшысының идеяны мұқият зерттеу қажеттігі жөнінде айтқанын естідіңіздер ме? Бұл әзірге идея. Дипломатия саласында идеялар көп айтылады, сол себепті оларға мамандар назар аударуы тиіс. Мемлекет басшысы айтқандай, қандай да бір шешім қабылданбас бұрын ол зерттеледі" деді Роман Василенко. Оның сөзінен "Информбюро" сайты үзінді келтіреді.

Ол сөз арасында Ресеймен құрылатын "газ одағы" Қазақстанды қандай да бір қиын жағдайда қалдырмауы тиіс, Украинаға соғыс бастағаны үшін Ресейге салынған санкцияны да айналып өту амалына айналмауы тиіс деді.

"Қазақстан өз аумағын санкцияны айналып өту үшін пайдалануға жол бермейді. Үкіметте соғыстың бірінші күнінен бастап комиссия құрылған. Оның міндеті – жағдайдың Қазақстанға кері әсер етуіне және Қазақстан аумағын санкцияны айналып өту амалына айналдыруға жол бермеу. Бұл позициялар өзгермейді, олар кез келген бастамаларды бағалау кезінде қолданылады" деді Роман Василенко.

"Үш мемлекеттің әлдебір одағы" туралы ақпаратты 28 қарашада Ресей БАҚ-тары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне сілтеп таратқан. Мәселе қоғамда қызу талқылана бастағаннан кейін Ақорда 29 қарашада Кремльдегі келіссөзде аталған мәселені Қазақстан мен Ресей президенттерінің талқылағанын растады.

"Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, осы мәселенің ұтымды шешімін табу үшін үш ел сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізу қажет деп санайды" деп мәлімдеді Ақорданың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

Әзірге Өзбекстан билігінің реакциясы белгісіз.

29 қарашада Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков одақ құру идеясын Ресей, Қазақстан мен Өзбекстан талқылап жатыр деп мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл одақ Қазақстанға аймақтарға газ жеткізу жағынан "тиімді", соның арқасында Астана "ондаған миллиард доллар үнемдей алады".

"Қазақстанның бұған өз мүмкіндігі жоқ. Қазақстан үкіметінде екі таңдау бар: Ресей газын алып, солтүстік өңірдің сұранысын қамтамасыз ету немесе жаң газ жүйесін құрып, ондаған млрд доллар жұмсау" деді Песков.

Қазақстан мен Өзбекстанның Ресеймен ортақ газ құбыры бар. Түркіменстаннан Қытайға тасымалданатын газ құбыры да Өзбекстан, Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

Мәскеу Қытайға табиғи газ тасымалдауды арттырған, ал Украинаға Кремль басқыншылығы жалғасып жатқан тұста Еуропа елдері Ресей газына тәуелділігін азайта бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG