1 желтоқсан күні Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 17 жастағы Андрей Опушиевке үкім шығарды. Сот жасөспірім Опушиевті кінәлі деп тауып, қайтыс болғандықтан қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.
Жамбыл облыстық сотының хабарлауынша, Андрей Опушиев 2022 жылғы қаңтардың 6-сына қараған түні "Тараздағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан".
Соттың айтуынша, Опушиев сол күні "Тараз қаласында соңы қирату, бұзу және қала әкімдігі ғимаратының мүлкін жоюмен аяқталған жаппай тәртіпсіздікке қатысқан". Одан бөлек, "әскери қызметкерлердің өміріне қол сұғу мақсатында олардан ғимараттан кетуін талап еткен, ғимаратпен бірге өртеп жіберемін деп қорқытқан". Сот өкілдері "сотталушының кінәсі куәлар сөзімен, түрлі сараптамалармен дәлелденді" деді.
Опушиевке "жаппай тәртіпсіздік" бабы (272-баптың 2-бөлімі) бойынша айып тағылған. Марқұмның шешесі Олеся Опушиева сот үкіміне разы емес. Ол баласын ақтауды талап етіп отыр.
- Жарыссөз кезінде прокурор «Опушиев жаппай тәртіпсіздікке қатысқан» деп баламды кінәлай сөйледі. Бірақ тергеудің де, соттың да қолында нақты дәлел мен дәйек жоқ. Сот куәлардың сөзіне ғана сүйеніп, осындай үкім шығарып отыр. Мен сот үкімімен келіспеймін! - дейді Олеся Опушиева.
Сотталушы Андрей Опушиевтің адвокаты Жанар Қисықова аппеляция алқасына шағым жазатынын айтты.
- Судья бүгін үкімнің резолютив бөлігін ғана оқыды. Толық нұсқасы қолымызға бес тәулік аралығында берілуі тиіс. Үкіммен толық танысып шыққан соң, аппеляция алқасына шағымданамыз, - дейді адвокат.
Сотталушының шешесі Олеся Опушиеваның сөзінше, Тараздағы шұжық шығаратын цех жұмысшысы Андрей Опушиев қаңтардың 4-і мен 5-інде түнгі ауысым жұмыс істеп, үйіне 6 қаңтар түске таман келген. Әдеттегідей жуынып-шайынып, тамағын ішкен соң, "цехта бітпеген жұмысым бар, тез ораламын" деп үйінен шығып кеткен. Туыстары кәмелетке толмаған Андрейдің сүйегін 7 қаңтар күні кешкілік Тараздағы мәйітханадан тапқан.
Олеся Опушиеваның сөзінше, жасөспірімнің ту сыртынан тиген оқ кеудесін тесіп шыққан, жақ сүйегі, тістері, қол-аяғы сынған. "Баламды аяусыз азаптаған" дейді ол.
Андрей көлденең қазаға ұшырардан тура бір ай бұрын – 2021 жылғы 7 желтоқсанда отау құрыпты. Күйеуі қаза тапқан соң төрт айдан кейін босанған Валентинаның жасы қазір 17-де. Валентина Опушиева қазір Тараздағы сервис және технология колледжінде аспаз мамандығында оқып жүр. Жетімдер үйінде өскен, ұзақ жылдар пәтер кезегінде тұрған Валентинаға биыл қазан айында 2 бөлмелі пәтер берілген. Валентина мен әкесінен құрсақта жатқанда айрылған кішкентай Тимур қазір сол пәтерде тұрып жатыр. Олеся Опушиева баспаналы болған соң келінінің биологиялық шешесі мен сіңлісі табылғанын, қазір бәрі бірге екенін айтады.
Андрей Опушиев тірі болғанда биыл мамыр айында 18 жасқа толар еді.
Жамбыл әкімдігінің мәліметінше, қаңтардың басында Таразда екі жарым мыңға жуық адам қатысқан дүрбелең кезінде 15 адам қаза болған. "Барлығы оқ тиіп мерт болды. Оның біреуі Ұлттық қауіпсіздік комитеті, біреуі полиция қызметкері және біреуі Ресей азаматы" деп жазылған әкімдік ақпаратында. Оқиға барысында 288 адам зардап шеккен. Басым бөлігі – 17-25 жастағылар.
Азаттық ашық дереккөздерге сүйеніп құрастырған Қаңтар құрбандары тізімінде Жамбыл облысында қаза болғандар одан да көп.
Жыл басында Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған халық толқуы елдің басқа да өңірлерінде тарап, жұрт әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне, жұмыссыздыққа, қымбатшылық пен жемқорлыққа наразылық білдіріп, жаппай митингіге шыққан. Бірнеше қалада бейбіт басталған шерулер барысында тәртіпсіздіктер болып, оның аяғы тәуелсіздік кезеңіндегі ең үлкен қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында кемінде 232 адам қазаға ұшыраған. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар кезінде "20 мың террорист шабуылдады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атуға бұйрық" берген. Алайда кейін билік "20 мың террорист" жайлы мәлімдемені жоққа шығарған.
Билік қаза тапқандар арасында кездейсоқ оққа ұшқандар бар екенін мойындағанымен, марқұмдардың көбінің үстінен терроризм, жаппай тәртіпсіздік, қару ұрлау, тонау, мүлік жою баптарымен іс қозғаған. Істі болған марқұмдардың туыстары негізсіз жала жауып отыр, тергеушілер дәлел келтірмей отыр деп шағымданған. Осыған дейін кейбір сарапшылар Қаңтар оқиғасынан бері он ай өтсе де, Тоқаевтың "лаңкестер" жайлы мәлімдемесін растайтын дәлел табылмағанын айтқан.
Халықаралық ұйымдар ресми Астананы Қаңтар оқиғасын тергеуге көмектесуге ынта білдірсе де, Қазақстан билігі ұсынысты қабылдамаған.
ПІКІРЛЕР