Accessibility links

Сауалнама: Қазақстанда 60-тан асқандардың басым бөлігі Ресейді қолдайды. Жастар арасында Украинаны қолдайтындар көп


Украинаны қолдау акциясы. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.
Украинаны қолдау акциясы. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

Қоғамдық пікірге мониторинг жасайтын Demoscope бюросы қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы жөнінде екінші сауалнамасының нәтижесін жариялады. Сауалнама авторларының пікірінше, Қазақстан қоғамында наурызбен салыстырғанда Украинаны қолдаушылар артып, Ресейді қолдайтындар кеміген. Алғашқы топта 18-29 жастағы жастар көп болса, 60-тан асқандар арасында Ресейді қолдайтындар басым болған.

Сауалнама 2022 жылдың 4-24 қараша аралығында Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларында жүргізілген. Оған 18 жастан асқан 1110 адам қатысқан.

Demoscope бюросының мәліметінше, Ресеймен соғыста Украинаны қолдайтындар 22 пайызды құраған. "Бұл биыл наурызда жүргізілген осыған ұқсас сауалнамамен салыстырғанда екі есеге көп" деп жазды бюро.

Demoscope'тың жазуынша, Ресейді қолдайтындар 13 пайызды құраған. "Бұл наурыздағы көрсеткіштен едәуір төмен". Дегенмен "қазақстандықтардың басым бөлігі (59 пайызы) бейтарап болғанды артық көреді" деп жазды зерттеу авторлары.

Қазақстандықтардың пікіріне бірқатар факторлар және Қазақстанның өз ішінде болған оқиғалар мен соғыстағы жайттар әсер еткен болуы мүмкін, деп топшылайды бюро өкілдері. Алайда Қазақстан қоғамында Украинаны қолдау тренді артқанын тұжырымдау үшін бірнеше айдан соң тағы осыған ұқсас зерттеу жүргізу керек дейді зерттеу авторлары. Олар Қазақстанда жастардың басым бөлігі – Украинаны, 60-тан асқандардың басым бөлігі Ресейді қолдайтын тренд байқағанын атап өтеді.

"18 бен 29 жас аралығындағы жастар арасында Украинаны қолдайтындар жиі кездесетінін атап өткен жөн. Бұл топта Украинаны қолдайтындар Ресейді қолдайтындардан төрт есе көп – 23% және 6%. Украинаны қолдайтындар 60-тан асқандарды айтпағанда, барлық топта көп. 60-тан асқандар тобында сұралғандардың үштен бірі (34%) – Ресейді, ал 14 пайызы ғана Украинаны қолдайды" деп жазылған бюро хабарламасында.

Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы туралы сауалнама қорытындысы. Demoscope сайтынан алынған инфографика скриншоты.
Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы туралы сауалнама қорытындысы. Demoscope сайтынан алынған инфографика скриншоты.

Бюро өкілдері зерттеу барысында қазақстандықтардың Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа баға беруі назарға алынған маңызды аспект болғанын атап өтеді. Мамандардың сөзінше, сауалнама нәтижесі "азаматтардың салыстырмалы түрде басым бөлігі (45%) оқиғаға баға беруде қиналатынын" көрсеткен. Дегенмен бюро сауалнамасы қазақстандықтардың 33 пайызы Кремль таратқан ақпаратпен келісетінін дәлелдеген.

"Сұралғандардың 15 пайызы Ресей Украинада нацистерге қарсы әскери операция жүргізіп жатыр дегенге сенеді. 18 пайызы Ресей Батыс елдері және НАТО-мен Украина территориясы үшін соғысып жатыр деп санайды. Дегенмен 22 пайызы Ресей Украинаны басып алып, өзіне қосып алу үшін соғысып жатыр деп сенеді" деп жазылған хабарламада.

Зерттеушілер "осылайша Қазақстан азаматтарының кемінде үштен бірі едәуір дәрежеде" Кремль пропагандасының ықпалына ұшырағанын айтып, басқыншылықтың Қазақстан мен халықаралық заңға қайшы келетінін атап өтеді.

Зерттеушілер Қазақстан қоғамының Украинадағы соғысты мұқият бақылап отырғанын да атап өтеді. Қазақстандықтардың 37 пайызы Украинадағы соғыс жайлы ақпаратты YouTube-арналардан көреді. Сұралғандардың бестен бір бөлігі оқиғаларды қазақстандық арналардан көреді. 18 пайызы Украина туралы ақпаратты Ресей арналарынан алады.

Demoscope "Ресей Қазақстанға басып кіруі мүмкін" деген болжам төңірегінде де қазақстандықтардың пікірін біліп көрген. Респонденттердің 73 пайызы мұндай сценарий мүмкін емес деп санайды. Мұндай ұстанымға әсіресе 60 жастан асқандар бейім деп тұжырымдайды зерттеу авторлары.

Сұралғандардың 38 пайызы ресейліктердің Қазақстанға ағылуын жаратпайды. Олар бұған жалдайтын пәтер мен қызмет түрлерінің қымбаттауы себеп деген. Бұған қоса, мигранттар арасында "орыс әлемін" жақтаушылар болуы мүмкін деген қауіп айтқан.

  • Биыл ақпанда Ресей Украинаға басып кірген. БҰҰ елдерінің басым бөлігі Ресей басқыншылығын айыптап, одан Украинадан әскерін әкетуді талап еткен. Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан Ресей басқыншылығын қолдаған жоқ және Мәскеудің Украина облыстарын аннексиялауын да мойындаған жоқ. Ресейге экономикалық тұрғыда тәуелді ОА елдері Ресей басқыншылығын ашық айыптаған да жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG