Accessibility links

БҚО әкімі ауысты, Ұлытауда облыс басшысы қызметінде қалды


Батыс Қазақстан облысының әкімі болып Нариман Төреғалиев тағайындалды. Облысты 2019 жылдың маусымынан бері басқарған 52 жастағы Ғали Есқалиев қызметінен кетті. 2 желтоқсанда Ақорда сайтында тиісті жарлықтар жарияланды.

2 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Берік Әбдіғалиевтің Ұлытау облысының әкімі қызметіне қайта тағайындалғаны да белгілі болды.

58 жастағы Нариман Төреғалиев 2017 жылы сенаттың алтыншы шақырылым депутаты болып сайланған. Қазір сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетке жетекшілік етеді. Сенатқа сайланғанға дейін шамамен бір жыл Орал қаласын басқарған. Оның алдында бір жылдан астам уақыт Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. Облыстағы бірнеше ауданды басқарған. Мамандығы – экономист.

Ақпаратқа қарағанда, жұма күні Батыс Қазақстан облысының мәслихат депутаттарының жиынында облыс әкіміне үміткер екі кандидат ұсынылған: Нариман Төреғалиев пен Бауыржан Айтмағамбетов. Ашық дауыс беру нәтижесінде 37 депутат Айтмағамбетовті, 123 депутат Төреғалиевты қолдаған. Журналистерді дауыс беруге қатыстырмағаны хабарланды.

Берік Әбдіғалиев биыл жаңадан құрылған үш облыстың бірі – Ұлытауға шілде айында әкім болып келген. Оған дейін мәжілістің жетінші шақырылым депутаты болды.

Бір күн бұрын Тоқаев бірнеше облыстың әкімдерін қызметтерінде қалдырып, бірнешесін қызметінен алған. Қызметінен босаған әкімдер арасында қақаған аязда бірнеше күн жылусыз қалған Екібастұз қаласы қарайтын Павлодар облысының жетекшісі Әбілқайыр Ысқақов та бар.

Қазір Павлодар облысының әкімі міндетін уақытша Олег Крук атқарып жатыр. Ол бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болған.

27 қарашаға қараған түні 150 мың тұрғыны бар Екібастұзда жергілікті жылу электр орталығындағы қазандықтар істен шығып, ондаған көпқабатты тұрғын үй, сонымен бірге жеке үйлер мен әлеуметтік нысандар 30 градус аязда жылусыз қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG